07.12.2022, 17:40

Германияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен Ресей азаматтары ұсталды

Төңкеріс сәтті өткен жағдайда уақытша әскери үкімет құрмақ болғаны да көрсетілген.

Неміс полициясы Бундестагқа басып кіруге дайындалып жатқан экстремистерге қарсы операция жүргізді.

Германия полициясы таңертең Бундестагқа басып кіріп, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған оңшыл радикалдарға қарсы ауқымды операция жүргізді, деп хабарлады Федералдық прокуратура мәлімдемесінде.

Германия прокуратурасының мәліметінше, ел бойынша 130 мүлікті тінтуге 3 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылған. 25 адам қамауға алынды. Тағы 52 адам күдікке ілінді. Олар «Германиядағы қалыптасқан мемлекеттік жүйені құлатып, оның орнына негізгі белгілері әлдеқашан әзірленген өзіндік мемлекет формасын орнатпақ» болған. 

Германияда мемлекеттік төңкеріс жасады деген күдікпен ұсталғандардың арасында Ресей Федерациясының Виталия Б. есімді азаматы да бар, деп нақтылады бүгін Германияның бас прокуратурасы. Zeit газетінің хабарлауынша, мәлімдемеде айтылғандай олардың арасында Генрих XIII неміс дворян әулетінен шыққан ханзада да бар. Spiegel журналы ұсталған ресейлік әйелді ханзаданың «өмірлік серігі» деп атап, оның 39 жаста екенін атап өткен. 

Мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалды деген күдіктілер Ресей өкілдерімен байланысқа шыққанымен, қолдау таппағанын айтты. 

"Тергеу деректеріне сәйкес, топтың жекелеген мүшелері шағын қарулы топтың көмегімен Германия Бундестагына күшпен басып кіруге арнайы дайындалған деген күдік те бар. Мәліметтерді нақтылау әлі жалғасуда", - делінген ведомство хабарламасында. 

Төңкеріс сәтті өткен жағдайда уақытша әскери үкімет құрмақ болғаны да көрсетілген.

nege.kz