$ 494.87  520.65  4.91

«Ол да соғысты қолдайды»: Қарағандыда Лариса Долинаның концертіне сахна алаңы берілмейтін болды

Сондай-ақ, қазақстандықтар соғысты қолдайтын ресейлік дінтанушы Шәміл Аляутдиновтың Астанадағы форумға қатысуына қарсылық білдірген.
Коллаж: Ulysmedia.kz
Коллаж: Ulysmedia.kz

Тұрғындардың наразылығына байланысты Қарағандыда Ресейдің халық әртісі Лариса Долинаның концертін өткізуге сахна алаңы берілмейтін болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Лариса Долинаның Қарағандыда өтетін концертіне қатысты әлеуметтік желілерде сыни пікірлер көбейді. Тұрғындар Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдайтын әртістердің Қазақстанға шақырылуына наразы.

Халықтың қарсылығынан кейін Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің басшылығы іс-шараны ұйымдастырудан бас тартты. Бірлестіктің айтуынша, концерт жарнамасында оның өтетін орны мен ұйымдастырушылары туралы жалған ақпарат берілген.

«Қарағандылықтарға әнші Лариса Долинаның концерті туралы туындаған сұрақтары бойынша Байжанов атындағы концерттік бірлестік басшылығының бұл әртістің шақыруына қатысы жоқ екенін түсіндіреміз. Мұндай іс-шараларды коммерциялық құрылымдар ұйымдастырады. Қазіргі уақытта Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен ұйымдастырушылар арасында Цирк ғимаратында осы әртістің концертін өткізу туралы тараптардың келісімін растайтын заңды құжат жоқ.

Жарнамада осы іс-шараны өткізу және ұйымдастырушылар туралы жалған ақпарат бар. Сонымен қатар, Қарағанды облысы тұрғындарының негатив пікіріне байланысты, Л.Долинаның концертін өткізу үшін сахна алаңын беруге жасалатын келісімшартқа қол қойылмайды», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұдан бұрын әлеуметтік желідегі сыннан кейін Алматыда ресейлік әнші Полина Гагаринаның да концерті өтпейтіні хабарланған.

Сондай-ақ, қазақстандықтар соғысты қолдайтын ресейлік дінтанушы Шәміл Аляутдиновтың Астанадағы форумға қатысуына қарсылық білдірген.

Алайда халықтың қарсылығына қарамастан имамның Қазақстанға келгені белгілі болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары