$ 494.87  520.65  4.91

Петропавлда бокста тұрған көлік өртеніп, бір адам ауруханаға түсті

Оқиға орнында Петропавлдағы өрт бөлімшелерінің 7 арнайы техникасы, жеке құрамнан 20 адам жұмыс істеді.

Петропавлда өндірістік кооперативтің боксында тұрған жеңіл көлікте өрт шығып, ер адамды күйік шалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 желтоқсан күні сағат 20.36-да «101» телефон нөміріне өрт жайында хабарлама түскен. Хабарласқан адам Петропавлдағы Рыжов, 134 мекенжайында орналасқан өндірістік кооператив боксында тұрған Ауди-80 маркалы жеңіл көліктің жанып жатқанын айтқан.

Өрт сөндірушілер № 2 шақырту бойынша көтеріліп, бірден оқиға орнына жеткен. Мамандар келген кезде нысанда тұрған көлік жалындап жанып жатқан.

Өрт салдарынан 62 жастағы ер адам 1-2 дәрежелі күйік жарақатын алды. Зардап шегушінің қолы, бетінің 5 % күйген. Ол жедел жәрдем қызметімен Петропавлдағы 3-қалалық ауруханаға, жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне жеткізіліп, жатқызылды. Жағдайы – орташа.

Оқиға орнында Петропавлдағы өрт бөлімшелерінің 7 арнайы техникасы, жеке құрамнан 20 адам жұмыс істеді. Жеңіл көлік толық жанып кетті. Ал нысанды мамандар сақтап қала алды. Сағат 21.06-да өрт толық сөндірілді.

Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына машинаның қозғалтқыш бөлігінде болған қысқа тұйықталу себеп. Шығын мөлшері анықталатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары