Қазақстан Президенті ЕАЭО-ға мүше барлық елдің экономикасына қысым жасайтын санкциялық шектеулер туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтты.
"Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет.
Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек", - дейді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Мемлекет басшысы Бішкекке барған болатын. Қырғызстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатқан "Ала-Арча" резиденциясының конгресс-холлында қарсы алды.