Қазақстандық Денис Никиша шорт-тректен Алматы қаласында өтіп жатқан әлем кубогі кезеңінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Денис Никиша өзінің оң жамбасына келетін қашықтығы – 500 метрде жүлдегерлер қатарына қосылды. А финалында өнер көрсеткен Денис мәре сызығын екінші болып қиды. Бірінші және үшінші орындарға оңтүстіккореялық спортшылар ие болды.
Осы жеңісінен кейін Д. Никиша әлемдік рейтингіде үздік ондыққа еніп, тоғызыншы орынға көтерілді. Бұл – Денис Никишаның әлем кубогі кезеңіндегі биылғы екінші табысы. Солт-Лейк-Сити (АҚШ) қаласында өткен кезеңде де ол күміс медальға ие болған еді.
Алматы кезеңінде басқа шорттрекшілеріміз жүлдеге іліге алмады.
Алдағы аптада Алматыда әлем кубогінің тағы бір кезеңі өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын шорт-тректен әлем кубогі кезеңінде Қазақстан тағы екі медаль алғанын жазған болатынбыз.