12.12.2022, 14:40

Астаналық бармен есірткі сатқаны үшін 15 жылға сотталуы мүмкін

Оның жалға алған пәтерін тінту кезінде «каннабис» және «синтетикалық» есірткі заттары да тәркіленді.

Елордалық түнгі клубтың 22 жастағы бармені есірткі таратқаны үшін ұсталды. Күдікті өзінің жұмыс орнында – түнгі клубтың бар үстелінде мефедрон сатуды ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Астана қаласы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын өткізіп, жеткілікті дәлелдеме базасын алып, есірткіні ойын-сауық орындарында өткізгені үшiн түнгі клубта бармен болып жұмыс істейтін жас жігітті ұстады. Оның жалға алған пәтерін тінту кезінде «каннабис» және «синтетикалық» есірткі заттары да тәркіленді», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек министрліктің дәстүрлі брифингінде.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде 4 грамм мефедрон және 11 грамм гашиш тәркіленді.

«Енді күдікті он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді Ш. Тұрлыбек.