Футболдан Катардағы әлем чемпионаты шарықтау шегіне жақын. Бүгін үшінші орын үшін таласта Хорватия мен Марокко құрамалары кездесіп, еуропалық команда жеңіске жетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Бұл кездесудің алғашқы екі голы да ерте соғылды. Матчтың 7-минутында Йошко Гваридол гол соқса, араға екі минут салып Ашраф Дари есепті теңестірді.
Ал 42-минутта Мислав Оршич шахмат жейделі ойыншыларды алға шығарды. Бұл басымдық ойын соңына дейін сақталып, Хорватия әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Лука Модричтің командасы осыдан төрт жыл бұрын финалда сүрініп, күміске қол жеткізген еді.
Айта кетелік, Марокко құрамасы да бұл әлем біріншілігінде тарихи жетістік тіркеді. Аталған құрама Африка құрлығында және араб елдері арасында тұңғыш рет әлем чемпионатында төртінші орын алған команда ретінде тарихта қалады.
Әлем чемпионатының финалы ертең өтеді. Шешуші матчта Аргентина және Франция құрамалары кездеседі.