20.12.2022, 16:00

Несие тарихын жақсартудың қандай жолдары бар?

Қазір ойланбастан шағын несиелер алып, оны төлей алмай, несие тарихыңызды нашарлатып алсаңыз, кейін ол ипотекамен үй немесе автокөлік алуға кедергі болады.

Көпшілік қазақстандықтың мойнында бірнеше несиеден бар. Алайда несиені алуын алып, оны төлей алмай, түрлі қиындыққа тап болып жүрген адамдар да аз емес. Мұнда бірінші кезекте несие тарихы бұзылып, келесі рет несие алу мүмкіндігінен айырылып қалатын жағдайлар болады. Ендеше, несие тарихын жақсартудың қандай жолдары бар?

Несие тарихы - сіз алған несиелер туралы барлық ақпараттар. Несие тарихы тек банктер үшін емес, сіз үшін де маңызды. Егер несие тарихыңыз жақсы болса, қомақты сомадағы несиені оңай аласыз. Ал егер нашар болса, керісінше, сізге несие берілмейді. Несие тарихы бірінші кредиттік бюрода 10 жыл бойы сақталады. Тіпті, 10 жыл өткеннен кейін де архивте тіркеуде тұра береді, бірақ құнын жоғалтады.

Несие тарихын қалай тексереміз?

Әр азамат өз несие тарихын тексеріп, бағалай алады. Оның бірнеше жолы бар. Қазір елімізде екі несие бюросы жұмыс істейді, бірі - мемлекеттік, екіншісі - жекеменшік. Мемлекеттік несие есебін тексеру үшін egov.kz порталына кіріп, "Салық пен қаржы" бөліміндегі "Экономика мен қаржы" парақшасына өту керек. Онда "Жеке кредиттік есеп алу" батырмасын басып, электронды-сандық қолтаңбамен растап, анықтама ала аласыз.

Ал Бірінші кредиттік бюро жылына бір рет тегін несиелік есеп алуға мүмкіндік береді. Ол үшін ұйым сайтына кіріп, ондағы нұсқаулықтарды орындау арқылы есеппен танысуға болады. Оған да электронды-сандық қолтаңба қажет.

Несие тарихы жоқ болса...

Өмірінде ешқашан несие алмаған адамдар да бар. Бірақ банк мұндай адамдарға ірі несие бермей қоюы әбден мүмкін. Себебі банк үшін оның қандай адам екені белгісіз. Сондықтан ірі несие (ипотека, автонесие) алатын ойыңыз болса, алдын-ала несие тарихын құруды ойлаған жөн. Ол үшін бірнеше шағын несие алып, уақытылы жауып тастасаңыз болады. Ең бастысы, банк сіздің адал және жауапты клиент екеніңізге көз жеткізуі керек.

Несие тарихын жақсарту жолдары

Несие тарихын толықтай түзеу мүмкін емес. Себебі жоғарыда айтқандай, несиені уақытылы төлемесеңіз, бұл ақпараттардың барлығы несие тарихыңызда жазылып тұрады. Оны өшіре алмайсыз. Бірақ оны жақсартуға болады. Кредиттік рейтинг деген бар. Ол сіздің қанша кредитті уақытылы жапқаныңызға байланысты өзгеріп тұрады. Сондықтан несие тарихын кезең-кезеңмен жақсартуға кірісіңіз.

Біріншіден, қолданыстағы проблемалық кредитті жабыңыз. Егер несиені бірден жабуға мүмкіндігіңіз болмаса, банкке барып, несие беру шартын өзгертуді сұраңыз. Мысалы, айлық ақшасын азайтып, уақытын созу немесе керісінше, айлық ақшасын көбейтіп, уақытын азайту. Алайда қарыздан құтылғаннан кейін де несие тарихыңыз бірден өзгере қоймайды. Ол үшін біраз уақыт өтуі керек.

Екінші жолы - микрокредит алу. Аз сомаға несие рәсімдеп, оны ай сайын уақытынан бұрын немесе уақытылы төлеп отырып, жабыңыз. Осылайша, бірнеше рет микрокредит алып, уақытылы жауып, кейін сомасы көптеу несие рәсімдеп көріңіз. Бірақ мұндай жағдайда оны ай сайын төлей алатыныңызға сенімді болуыңыз керек.

Қорытындылай келсек, әр адам несие алуға жауапкершілікпен қарау керек. Қазір ойланбастан шағын несиелер алып, оны төлей алмай, несие тарихыңызды нашарлатып алсаңыз, кейін ол ипотекамен үй немесе автокөлік алуға кедергі болады.

massaget.kz

Тегтер: несие Кеңес