Теміртауда автокөлік жүргізушісі жарық бағанына соғылып көз жұмды, деп хабарлайды BNews.kz.
Қарағанды облысы Теміртау қаласында Бейбітшілік пен Металлург даңғылдарының қиылысында «BMW-525» автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жарық бағанына соғылып көз жұмған.
Жол-көлік апаты 3 тамыз күні таңғы төрттер шамасында орын алған. Полицейлердің айтуынша, жылдамдықты арттырған «BMW- 525» маркалы автокөлік жарық бағанына соғылып, жолдың қарсы бетіне ұшып кеткен. 26 жастағы жүргізуші алған жарақатынан оқиға орнында жан тапсырды.
— Автокөліктің жарық бағанына соғылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тексеріс жұмыстары жүріп жатыр, бірқатар сараптамалар тағайындалды, — деп мәлімдеді жол-патрульдік полиция батальонының командирі Қалел Сәрсенбаев.
Тәртіп сақшысы түсіндіргендей, апат орнында тежегіш жолы табылған жоқ, қазір жол апатының нақты себебін анықтауға тек сараптамалар ғана көмектеседі, ал олардың нәтижесі бір айдан кейін ғана белгілі болмақ.
— Мүмкін тежегіш жүйесі істен шыққан шығар, не болмаса жүргізушінің денсаулығында кінәрат болған болуы мүмкін. Сараптамадан кейін толығырақ хабарлаймыз, — деп атап өтті ол.
Қазір қала орталығының қиылысындағы жарық бағаны істен шыққан, қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.