Қазақстанда жасалған кейбір «халал» маркалы шұжықтардың құрамынан доңыз майы табылды, деп хабарлайды BNews.kz.
ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда шығарылатын «халал» шұжықтардың құрамын тексере келе, мынадай өнімдерден доңыз майын анықтаған: «Мусульманские» шұжығы, «Говяжьи» шұжығы, «Докторская в/с в синюге» шұжығы, «Халал» сиыр етінен жасалған жартылай сүрленген шұжық, «Конские сосиски» сиыр етінен жасалған жартылай сүрленген шұжық, «Элитная» мұсылманша халал сервелат. Бұл аталған өнімдердің барлығы Қазақстанда шығарылған.
Сонымен қатар, «халал» белгісімен шығарылған «Целинная - фабрика деликатесов» шұжығының заттаңбасында «Қазақстанның халал индустриясы қауымдастығы» ЗТБ бақылауымен дайындалған деген жазу бола тұра, өнімнің құрамында «шпик» (шошқаның қыртыс майы) бар деп көрсетілген.
Анықталған дерек «Ет және ет өнімінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағы Техникалық регламентінің 107-бабының (034/2013 КО ТР) бұзылғанын айғақтайды.
Техникалық реттеу саласындағы өкілетті органның осы ақпараттарына сәйкес, «халал» белгісімен шығарылатын өнімнің сертификатын беру тәртібін бекітетін және реттейтін заңнамалық актілер жоқ.
Алайда, «Қазақстанның халал индустриясы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі «халал» белгісімен өнім шығаруға куәліктер мен сертификаттарды беруді жалғастырып отыр.
Сонымен қатар, Дін істері агенттігінің ақпаратына сүйенсек, «Қазақстанның халал индустриясы қауымдастығы» ЗТБ діни бірлестік емес, ал өнімнің «халал» не «харам» екенін белгілеу діни мекеменің жұмысы. Сондықтан, бұл қауымдастықтың «халал» өнімдерді шығаруға сертификаттар мен куәліктерді беруі қолданыстағы заңнамаға сай келмейді, дейді агенттік мамандары.