Алматы облысында үш көліктің соқтығысуы салдарынан бес адам қаза болып, үш адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облысының полиция департаментінің мәліметінше, 24 желтоқсанда Жамбыл ауданында Toyota Camry, Daewoo Nexia және Daf Trucks N жеңіл көліктері соқтығысқан.
Полицияның алдын ала ақпаратына сәйкес, жол апатына Toyota Camry көлігінің 33 жастағы жүргізушісі кінәлі. Анықталғандай, Алматы – Бішкек тасжолының 126-шақырымында ер адам тіркемесі бар Daf Trucks NL көлігін басып озамын дегенде қарсы бағытта келе жатқан Daewoo Nexia көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Инерциямен жүк көлігіне соғылған.
"Жол апаты салдарынан 4 адам оқиға орнында көз жұмды. Түрлі жарақат алған тағы 4 адам жақын маңдағы ауруханаға жатқызылды, олардың біреуі ауруханада қайтыс болды. Аталған факті бойынша қажетті сараптама жүргізіледі. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі ("көлікті басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - деді полицияның баспасөз қызметі.