26.12.2022, 12:00

«Келешегі жоқ»: 50-ге жуық ауыл жойылуы мүмкін

Мектеп жабылды, жастар тарай бастады.

Батыс Қазақстан облысында 49 елді мекен таратылуы мүмкін. Шенеуніктердің айтуынша, олар ауыл мәртебесіне сәйкес келмейді, өйткені оларда 50-ден аз адам тұрады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сондай ауылдардың бірі Бәйтерек ауданындағы Кожевниково ауылы. Ол ауылда бір ғана отбасы тұрады.

Телеарна мәліметінше, бұрын бұл ауылда 150-ге жуық шаруашылық болған. Бірақ уақыт өте ауыл қаңырап бос қалған. Біреулер үйлерін бұзса, көпшілігі оларды тастап көшіп кеткен.

Ауылдың жалғыз тұрғындары - Агафоновтар отбасы. Виктор Агафонов 68 жаста. Ол осы ауылда туып-өскен байырғы тұрғын. Совхозда тракторшы болып жұмыс істеген. Ол осы ауылда отбасын құрып, балаларын тәрбиелеген. Ұлдары қазір жергілікті фермерлермен жұмыс істейді. Жұбайы екі жыл бұрын қайтыс болған.

"Үлкен ауыл болатын. Клуб та, мектеп те болды. Мектеп жабылды, жастар тарай бастады. Совхоз құлаған кезде қарт адамдар Ждановқа көшті", - деді ер адам.

Қыста ең қиыны отын жинау, жол тазалау. Алайда, мұнда жылдың басқа мезгілдерінде де жету қиын. Сыртқы әлеммен жалғыз байланыс - қалалық телефон. Ауылда электр энергиясынан басқа ешнәрсе жоқ. Егер жағдай үш жыл ішінде өзгермесе, онда ауыл жойылады.

Дәл осындай тағдыр 50-ден аз халқы бар тағы 49 елді мекенді күтеді, олар келешегі жоқ деп саналады.

"Үш жылдан кейін ауданның жергілікті атқарушы органдары сәйкес келмейтін ауылдарды жойып не болмаса әкімшілік бағыныстылығын кеңейтіп, өзгертіп, ірілендіру бойынша шешім қабылдау керек. 50-ден аз адам тұратын елді мекендерде халықтың өсуі бойынша шаралар қабылдау қажет", - дейді БҚО Стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Ермегалиева.

Стратегия және экономикалық даму басқармасының ақпараты бойынша, ауыл тұрғындары табысы төмен немесе тұрақты жұмысының болмауына байланысты туған өлкелерінен кеткен. Облыста 416 елді мекеннің 223-і перспективалы болып табылады, оған 78 тірек, 110 спутниктік және 35 стратегиялық маңызды шекара маңындағы елді мекендер кіреді.