Бұл туралы былғары қолғап шебері Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Соңғы жекпе-жекте ел үмітін ақтай алмадым. Кәсіпқой рингте алғаш рет жеңілістің ащы дәмін сезіндім. Спортта да өмір сияқты, жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні айдан анық.
Бұл жекпе-жекті өте ұзақ күттім. Жекпе-жек сәл ертерек болуы керек еді, біз оған дайын болдық. Бірақ белгілі бір себептермен қарсыластың командасы жекпе-жекті біраз уақыт созып жүрді.
10-12 ай формада жүру оңай емес. Оның үстіне жекпе-жекке ұзақ шықпаған соң, салмақты да қадағалап жүру оңайға соқпайды. Жекпе-жекке салмаққа түсер алдында тура 56 сағат нәр татпай, 3 жаттығу жасадым.
Сөйтіп барып қана салмақтан өттім. "Неге салмаққа дұрыс қарамадың?" - дерсіздер, бірақ мен салмақты дұрыс түсірдім. Өйткені диетологым бергенді ғана жеп, бермегенінен тыйылдым. Дегенмен, болар іс болды.
“Былай істегенде былай болар еді, бүйткенде солай болар еді” -деген ойға берілуден аулақпын. Тағдырымда солай жазылған екен. Бұның да бір қайыры бары айдан анық. Бірақ мен қазақтың қайсар мінезін, шаршы алаңда көрсете білдім деп ойлаймын", - деді Айдос Ербосынұлы.