Денсаулығы мен өміріне қауіп төнетін жұмыстыы атқаратын құтқарушыларға қосымша ақы төленбек. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Төтенше жағдайлар министрінің тиісті қаулсында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құтқарушыларға және құтқарушы функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлерге денсаулыққа, өмірге зиян келтіру қаупімен байланысты жұмысы үшін лауазымдық жалақының 70% мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Көрсетілген қосымша ақыны төлеу тәртібі мен шарттарын азаматтық қорғау саласындағы орталық атқарушы орган белгілейді. Жобаны қабылдау республикалық жедел-құтқару жасағының, апаттар медицинасы орталығының құтқарушыларына және құтқарушы функцияларын орындайтын «Қазселденқорғау» ММ негізгі персоналына қосымша ақы төлеуге мүмкіндік береді», - делінген қаулыда.
Құжатта мұны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен жалпы сомасы 7,4 млрд теңге қаражат қажет екені көрсетілген.
Атап айтқанда 2023 жылы - 2 млрд теңге, 2024 жылы – 2,4 млрд теңге, 2025 жылы - 3 млрд теңге.
Құжаттың түсіндірмесінде көрсетілгендей, бұл қаулы биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап атқарылған жұмысқа ақы төлеуде қолданылады.