Жезқазғанда салынып жатқан нысан аумағынан 11 миллион теңгенің металл пластикалық құбырларын ұрлағандар ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz Telegram арнасы.
Жезқазған қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында металл құбырларды ұрлағанын мойындаған 32 және 37 жастағы Жезқазған қаласының екі жұмыссыз тұрғынын ұстады.
“12 қаңтары сағат 12:39-да Жезқазған қаласының полиция бөліміне қалада орналасқан салынып жатқан нысаннан белгісіз тұлғалардың металл пластикалық құбырларды ұрлағаны туралы хабарлама келіп түскен. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 11 миллион теңгеден астам. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, айғақты заттар тәркіленді”,- делінген хабарламада.
Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.