$ 494.87  520.65  4.91

Оңтүстікте ауызсусыз отырған бір ауыл картаға да енбеген

Өзбекстанмен шекарадағы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Қоралас елдімекенінің мыңнан аса тұрғыны арықтан қи татыған су ішіп, ауыз су зардабын тартып отыр, деп хабарлайды «31 арна».

Соңғы кездері лай судың өзі күрт азайып кетіп, мұндағы елдің егіні қурап қалған.

Еліміздің оңтүстігіндегі ауа температурасы тамызда тағы да көтерілді. Қырық градусқа жақындаған күн райынан егіс алқабы қурап, қиындық туған. Оның үстіне, Сарыағаштағы Қоралас ауылы тұрғындары ағын судан да айырылыпты. Арық суы соңғы үш-төрт аптада тоқтап қалуға шақ қалыпты. Бұл жағдай ендігі жерде ауыз судан қиналып отырса да, егінін ермек еткен тұрғындардың тіпті ашуын келтірген.

Бәрінен бұрын таңқаларлығы, Қоралас елдімекені күні бүгінге дейін картада болмағанға ұқсайды. Жері айқындалмаған ауылға тиісінше су да берілмеген екен.

— Төрт-бес жылдан бері ішуге де су жоқ. Ол да тоқтап қалады. Апталап болмайды. Бір нәрсе десең, мына жерде планда жоқсыңдар дейді. Планда жоқ болсақ, төлеген салығымыз қайда кетіп жатыр? — дейді Рахия Арынова есімді ауыл тұрғыны.

Ауыл Өзбекстанмен шекаралас аймақта орналасқан. Кезінде мұнда ауыз судың тартылмай қалғанын биліктегілер елдімекеннің шекаралық аумағының нақты айқындалмай қалғандығынан деп түсіндіріп келген. Бірақ, бүгінде аумағы сызылған ауылдың ауыз су мен ағын су мәселесі әлі шешілмей келеді. Ал жағдайды білмей болған ақ жағалылар неге екені белгісіз, ашулы. «Бұл нәрсе бүгін айттың, ертең біте салатын жұмыс емес» деп қабақ шытады.

— Енді қаражат болса, онан кейін барып істелінетін тірліктер бұлар. Бүгін айтты, ертең біте қоятын жұмыс емес қой. Тиісті жердің бәріне шығып жатырмыз, — дейді Ұшқын ауылы әкімдігінің бас маманы Қошқарбай Есенбаев.

Дәл осы жерде ауыл тұрғындарының сиырлары күніне үш мезгіл су ішеді. Ал тұрғындар болса ауыз суын көбіне мал келгенге дейін алып кетуге тырысады. Кешігіп қалғандары амалсыз лайланған суды ішуге мәжбүр.

Ал тұрғындар болса ауыл әкімдігінің ауыз су келеді деген уәдесіне сенбейді. Өйткені, мұндай құрғақ уәдені олар соңғы 3-4 жыл бойына қатарынан естіп келе жатқанын айтады. Ендігі жерде егіні қураған ел тұрғындары Елордаға шағым жеткізбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары