18.01.2023, 11:40

Енді Қазақстан Францияда тергеу жүргізе алады

Фото: ашық дереккөз
Бұған дейін өзара келісім принципінде жүзеге асырылған.

Енді Қазақстан Францияда тергеу жүргізе алады. Мәжіліс «Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңның жобасын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  Бұл құжат елордада 2021 жылғы 28 қазанда жасалған. 

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев заң жобасын таныстырды. 

"Мысалы, қылмыстық іс бойынша куә немесе жәбірленуші шетелде тұрып жатуы мүмкін. Олардан жауап алу керек. Біздің құқық қорғау органдары өздігінен сол елге барып, тергеу әрекетін жасай алмайды. Сондай-ақ қылмыстық істі тергеуге айғақ заттар, құжаттар, қылмыс құралдары өзге ел аумағында болуы мүмкін. Оны өзіміз барып ала алмаймыз. Сол үшін құқықтық көмек туралы шарттар жасалады. Мұндай шарттар тергеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін сұрау жолдап, куәдан немесе жәбірленушіден жауап алуға, заттай айғақтарды тәркілеуге мүмкіндік береді. Шетелдегі тергеу әрекеттері олардың заңнамасына сәйкес шешіледі", - деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары. 

Оның сөзінше, құқықтық көмек осыған ұқсас мәселелерді шешеді. 

"Бұған дейін өзара келісім принципінде жүзеге асырылған. Енді шартта екі жақтың құқықтық міндеттемелері нақты белгіленеді. Жалпы құқықтық көмек сұрау салу арқылы жүзеге асырылады. Ол заттарды тәркілеу, тінту, банктегі шотарды анықтау, жауап алу, ақпарат алмасу мен басқа да тергеу амалдарын қамтиды", - деді ол. 

Шартқа сәйкес тараптар қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты кез келген рәсімдерде бір-біріне барынша кеңінен өзара құқықтық көмек көрсетуге міндеттеледі. Шартты іске асыру екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады. 

«Халықаралық шарттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шарт міндетті ратификациялауға жатады, өйткені ол адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайды. 

Шартты ратификациялау кезінде оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға алып келмейді, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржы қаражатын талап етпейді. 

Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. 

Депутаттар дауыс беру арқылы заң жобасын қабылдады.