18.01.2023, 16:20

Субсидиялаудың кесірінен сүт қымбаттауы мүмкін

Бұл туралы Сүт одағының басшысы Владимир Кожевников толығырақ айтты.

Кәсіпкерлер субсидиялау тәсілдерін өзгертудің орынсыздығын дәлелдеп, бір айдан бері Ауыл шаруашылығы министрлігіне проблемасын жеткізе алмай келеді. Егер өңдеушілер субсидиясыз қалса, сүт өнімдері қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Сүт одағының басшысы Владимир Кожевников толығырақ айтты.

Кәсіпкердің есептеуі бойынша 1 кг сары май өндіру үшін 22 кг шикі сүт қажет. Сүттің құнын ескере отырып, кәсіпорындардың басқа шығындарын есепке алмағанда, өнімнің тек шикізаттық өзіндік құны шамамен 4 мың теңге болады.

 Сүт өңдеушілерге субсидия жазда шикі сүт сатып алу және өнім өндіру үшін керек. Сыртқы факторларға байланысты шикізат бағасы үнемі өсіп келеді. Мысалы, соңғы екі жылда шикізат сүтінің құны 1 келі үшін 126,9 теңгеден 204,2 теңгеге, яғни 61%-ға дейін қымбаттады. Тиісінше сары майдың шикізат құны 45,5%-ға артты, ­– дейді сүт одағының басшысы Владимир Кожевников.

Сүт өңдеушілердің айтуынша, өкінішке қарай, Ауыл шаруашылығы министрлігі саланы қолдау тәсілдерін таңдау кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет берген ұсынымдарды негізге алған. Антикор берген ұсынымдарда субсидиялау кезінде кез келген сыбайлас жемқорлық және қаржылық тәуекелдерді жою қажеттілігі айтылған. Осылайша министрлік  субсидияның басты мақсаты – өндірістің өсуін ынталандыру және ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және импортқа тәуелділік пен өзіндік құнын төмендету екенін ұмытып кетті.

Ұлттық палата деректеріне сүйенсек, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде республикада сүт өнімдері өндірісі артқаны байқалады. Соңғы 5 жылда отандық өндіріс есебінен республиканың сары маймен қамтамасыз етілуі 74%-дан 97%-ға дейін өсті. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін дәлелдейді.

Бірақ министрлік тарапынан субсидиялауға жаңа тәсіл енгізілуі сүт саласының жағдайын күрт қиындатады, бәсекеге қабілетті болуды төмендетеді, жазды күні шикі сүт сатып алу мүмкіндігін жойып, сүт өнімдерінің қымбаттауына түрткі болады.

Қазақстанда сүт табынының шамамен 70%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарда ұсталады. Бұл шаруашалықтар күзгі-қысқы кезеңде сүт өткізуді тоқтатады. Осыған байланысты, сүт өңдеуші кәсіпорындар шикізат тапшылығының туындау қаупін біліп, жазда дайын өнімді жаппай жинау науқанын жүргізеді, ал оны кейін сатады. Жазғы кезеңде сүт өнімдеріне, оның ішінде сары майға сатып алу сұранысы маусымға қарай төмендейді, – деп атап өтті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының АӨК және тамақ өнімдері департаментінің сарапшысы Әсем Серікбекова.

Осыған байланысты сүт зауыттарының өкілдері субсидиялау механизмін өзгеріссіз қалдыруды және халыққа қосымша шығындарды жүктемеуді сұрайды.