25.01.2023, 18:20

«Асылып өлді», «Есінен танып қайтыс болды»: Әскерде өлім-жітім неге көбейіп кетті?

Денесінен жылу кеткеннен кейін денесінің барлығы қатып қалар еді. Ал баламның мойны, омыртқалары анда, мында қозғалып тұр. Оны әдейі өлтірген, оны дарға асылды қыла салған.

Соңғы жылдар әскерде өлім-жітіп көбейіп кетті. Бір естен танып қайтыс болса, ал бірі асылып қайтыс болып жатады. Бұған не себеп? Неге мұндай жағдайлар орын алуда?

Осы және өзге де сұрақтарға Caravan.kz медиа порталының тілшісі зерттеу жүргізіп, іздеп көрді.

Әскерге барғанына 10 күн болған сарбаз қайтыс болды

2022 жылдың 12 сәуір күні әскерге аттанған маңғыстаулық Әлібек Қалбай әскерге барғанынан 10 күн болған бойда сапта тұрған жерінде естен танып қайтыс болған.

Осыдан бірнеше ай бұрын Әлібек Қалбайдың әжесі Болдық Құлмағамбетова отандық арнаға сұхбат беріп, 18 жерден жарақат алғанын айтқан болатын.

"Балама 18 жерінен жарақат салған, гематома салған. 18 жеріне жарақатты бір бала салды дегенге мен сенбеймін. Себебі сержанттардың да, командирлердің де қатысы бар екеніне менің көзім жетіп тұр. Менің балапанымды кім ұрып кім не қылған болса, әділдік шығарсын. Мен сол әділдікке жетпей қоймаймын. Балапаным... соншама қинайтындай не керек болды ол балапанымнан?"

Ал дәл бүгін Әлібек Қалбайдың ісіне байланысты сот өтіп жатыр.

Бұл туралы журналист Бибігүл Рамазан Facebook желісінде жазды.

"Бүгін сот! Қалбай Әлібектің! Әділдік күтеміз!", - деп жазды журналист.

"Өлер алындағы жазған хатын" жариялап кеткен жауынгер

2022 жылдың маусым айында ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы әскери бөлімінің жауынгері Еділ Тешебаев "өз-өзіне қол салғаны" туралы хабар тарап, әлеуметтік желілерде "өлер алдында жазған хаты" жария болған еді.

ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз бөлімі отбасылық тұрмыстық проблемаларға байланысты оның өзіне қол салғанын хабарлаған болатын. Алайда бұл істе де Тешебаевтың өзіне қол салғанына туғандары сенбейді.

Тешебаевтың анасы ұлының қасақаны өлтірілгеніне сенімді.

"Өзім хирургияда істегенмін, біз де моргтен шығарғанбыз. Денесінен жылу кеткеннен кейін денесінің барлығы қатып қалар еді. Ал баламның мойны, омыртқалары анда, мында қозғалып тұр. Оны әдейі өлтірген, оны дарға асылды қыла салған", - деп отандық арнаға марқұм сарбаздың анасы сұхбат берген болатын.

Қорада асылып қалған сарбаз

2022 жылдың тамыз айында Жамбыл обылысындағы шекара бекетінде әскери борышын өтеп жүрген Бекбол Мираш өзіне қол салып, қорадан табылған болатын. Осы іске байланысты адвокат Сержан Пралиев марқұмның аузынан ер адамның биоматериалдары табылғанын айтып елді елең еткізген болатын.

"Сот сараптамасы "ауыз қуысында екі және одан да көп ер азаматтардың ДНҚ-сы табылып отыр", - деп берді. Қалған 36 адамның ДНҚ-сын алса, тексерсе содан шығуы керек. Ал енді ол 36 адамның ішінен шықпаса? Ол сонда кімнің ДНҚ-сы болып шығады? Ол қаладан алыста, 50 км жерде, тауда. Шекараға бөтен адамдар кірген немесе басқа жаққа қарған ба бірдеңе, құпия болып тұр. Ұзақ уақыт өтсе, киім жуылса ол кетіп қалады. Ал бұл ауыз қуысында табылып тұр. Содан кейін ол тамақ ішпеген, су ішпеген, оның ауыз қуысынан табылып отыр. Барлық киімінен табылды. Оны мен емес, биосараптамалар айтып отыр. Іш киімінен, жейдесінен, барлық жерінен ер адамдардың шәуеті табылып отыр. Сараптамада "шәуеті өзінікі және екіден көп ер азаматтардың шәуеті" деп тұр. Бірінші тексерді, үш адамды тауып алды. Жанындағы жан жолдасын тауып алды және екі контракті адамды. Екі адамнан көп деген тағы да адамдар бар деген сөз. Сонда не болған? Түсінбедім. Асылып өлердің алдында бірдеңе болған. 3-4 сағат па, 4-5 сағат па бірдеңе болған. Ауыз қуысында болғаннан кейін түсінікті ғой", - деп адвокат Caravan.kz порталының тілшісіне сұхбат берген болатын.