«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалының басшысының пара алғаны анықталды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Дәурен Ерғарин мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласының мамандары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалының басшысына және оның қарамағындағы бірқатар қызметкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
Олар поездарды қабылдаушы, кассир, вагондарды тексеруші-жөндеуші және тағы басқа лауазымдарға жұмысқа орналасу үшін жүйелі түрде пара бергені және алғаны үшін әшкереленген.
«Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды» - деп жазды Дәурен Ерғарин әлеуметтік желідегі парақшасында.