$ 481.84  531.33  5.07

Балалар үйінің атауы мен қызметі өзгереді

Балалардың өз бөлмесі бар, асхана басқа да қажеттіліктермен қамтылған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Елімізде балалар үйінің атауы мен қызметі өзгеріп жатыр. Енді балалар үйі емес, «Балаларды қолдау орталықтары» деп аталады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Жанна Сәрсенбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің министрлік Ақмола облысы әкімдігі және «Ана үйі» қоғамдық қорымен бірлескен «Балажан» жобасын қолға алған еді. Жоба аясында Ақкөл қаласында балаларды қолдау және отбасыға бейімдеу орталығы ашылды. Ондағы мақсат – балаларға барынша отбасындағыдай жағдай жасау, сондай-ақ оларды патронаттық тәрбиеге орналастыруға және туған отбасына қайтаруға бейімдеу», – деді Жанна Сәрсенбаева елордада өткен балалар үйін трансформациялау мәселелеріне арналған жиын барысында.

Оның айтуынша, балалар үйі «Балаларды қолдау орталықтары» болып қайта құрылуда.

«Еліміз бойынша барлық үй балаларды қолдау орталықтарына айналды. Қазір ел өңірлерінде 23 орталық жұмыс істейді, онда 3 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Орталықтың тағы бір артықшылығы кәдімгі «үй сияқты болуы», яғни мүмкіндігінше отбасындағыдай жағдай жасалады. Балалардың өз бөлмесі бар, асхана басқа да қажеттіліктермен қамтылған», - дейді министрлік өкілі.

Еске салайық, елімізде балалар үйі қызметінің қайта қаралып жатқаны туралы хабарлаған едік.

Аталған бағыттағы жаңашылдықпен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бөліскен еді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Балалар үйі