Мәскеуде өтіп жатқан «Шахмат жұлдыздары» атты халықаралық турнирде блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева рапидте бәсекенің басты фавориті Сергей Карякинді жеңді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресейлік Сергей Карякин – әлемдегі ең мықты гроссмейстердің бірі. Қазіргі уақытта оның 2 739 ұпайы бар.
Турнир комментаторларының айтуынша, Бибісараның блицте әлем чемпионы болғаны бекер емес. Оның салқынқанды ойынымен Сергейдің керемет қорғанысына қарамастан, жеңіске жеткен. Екі мықтының ойыны мазмұны жағынан да, тиімділігі жағынан да турдың сәнін келтірді. Бибісара бұған дейін сұхбаттарында осы турнирде Сергей Карякин және Теймур Раджабовпен ойнағысы келетінін бірнеше рет айтқан.
Өз кезегінде ресейлік гроссмейстер мұндағы жалғыз жеңілісінен ұялмайтынын мәлімдеді.
«Мен өте жақсы ойнайтын әлем чемпионынан ұтылдым», - деді Карякин.
Жарыстың жүлде қоры – 15 миллион рубль. Қазір мұнда әлемдегі ең мықты шахматшылар шеберлік байқасып жатыр. Олардың қатарында Бибісара Асаубаева, Сергей Карякин, Александр Грищук, Теймур Раджабов, Раунаку Садвани, Франсиско Вальехо, Владислав Артемьев, Екатерина Лагно және басқалары бар.