Бас айналса, тепе-теңдікті және кеңістіктегі бағытты жоғалтып алуға болады. Неліктен бас айналады және мұндай жағдайда өзіңізге қалай көмектесуге болады?
Бас айналу - бұл айналаңыздағы кеңістік қозғалып немесе айналып жатқандай көрінетін сезім. Немесе керісінше, сіз қозғалып немесе құлап бара жатқандай сезімде боласыз. Бас айналған кезде тепе-теңдік бұзылады. Қозғалыс сенімсіз бола түседі.
Неліктен бас айналады?
Күтпеген жерден бас айналып, ол бір ретік жағдай болуы мүмкін. Сондай-ақ ол созылмалы болуы және жиі пайда болуы мүмкін. Оның бірнеше себебі бар.
Сусыздану
Ағза сусызданғанда қан қысымы түседі. Қан миға нашар құйылады және оған оттек жетіспейді. Сол үшін біздің басымыз айналады. Әсіресе, отырған күйден жылдам тұрғанда басыңыз айналып кетеді. Ағза сусызданған кездегі бас айналу жиі көздің қараюымен бірге жүреді. Бұл жағдай қарттарда және диабетпен қиналатын адамдарда жиі кездеседі.
Дәрі-дәрмек ішу
Кей дәрілік құралдар басыңызды айналдыруы мүмкін. Мысалы, көпшілік бұл әсерді қабынуға қарсы дәрілерді ішкеннен кейін байқайды. Ол сондай-ақ кей антибиотиктер, тырысуға қарсы және қысымды реттейтін дәрілерден кейін де пайда болуы мүкін.
Қанағым проблемасы
Бас айналу ағзада қанағым проблемасы барын көрсететін белгі болуы мүмкін. Ми үнемі қаннан оттек келуіне мұқтаж. Ал егер оның айналымы бұзылса, бас айналуы мүмкін. Миға қанның құйылуы төмен болса, қан ұйып қалуы, артериялардың бітелуі, жүрек жеткіліксіздігі және ретсіз жүрек соғысы пайда болуы мүмкін.
Сондай-ақ анемия кезінде де бас жиі айналады. Ол созылмалы шаршаңқылықпен және әлсіздікпен қатар жүреді.
Бас айналса, не істеу керек?
Бас айналған кезде, ең алдымен отыру керек. Бұл құлау және зақым алу қаупін азайтады. Мұндай кезде жағдайыңызды жақсартуға көмектесетін жаттығулар бар.
Брандт-Дарофф жаттығуы
Төсектен тұрғанда басыңыз айналып кетсе, сізге бұл әдіс қажет болады. Асықпай тұрып, содан соң табан еденге тиіп тұратындай етіп диванға немесе отырғышқа отыру керек. Содан соң бір жаққа қарай 45 гардусқа еңкейіп, сол күйде 30 секунд тұруыңыз керек. Содан соң бастапқы күйге келіп, жаттығуды екінші жаққа жасаңыз. Бұл жаттығуды күніне екі рет таңертең және ұйықтар алдында жасау ұсынылады.
Фостер жаттығуы
Бұл жаттығуды орындау үшін төрт аяқтап тұру керек. Төбеге қараңыз, содан соң маңдайыңыз еденге тигенше жайлап басыңызды төмен түсіріңіз. Содан соң басыңызды солға бұрып, осы қалыпта тұрыңыз. Кейін бас қалпын өзгертпестен, оны арқа деңгейіне дейін көтеріңіз. Осы күйде 30 секунд тұрыңыз. Бұл жаттығуды келесі жаққа қайталауға болады. Сондай-ақ оны бірнеше рет жасауға болады. Бірақ әр жаттығу арасында 10-15 минут демалу керек.
Дереккөз: massaget.kz