$ 444.32  473.33  4.76

Өзіне қол жұмсаған мұғалім: оқиғаның мән-жайы белгілі болды

Қазір жәбірленушінің жағдайы тұрақты.

Түркістан облысындағы мектептердің бірінде сірке суын ішіп, өзіне қол жұмсамақ болған мұғалімнің ісіне қатысты тергеу басталды деп хабарлады Almaty.tv арнасы. 

Намысы тапталған қызметкер басшылық тарапынан қысым көргенін айтып шағымданған. Ал мектеп директоры кінәлілер қылмыстық іс тергеліп болған соң заң талабына сәйкес жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, қазір жәбірленушінің жағдайы тұрақты. Оған қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Сарыағаш ауданына қарасты мектептердің бірінде мұғалім директор орынбасарының сөзінен кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Бұған дейін де түрлі себеппен «тиісіп келген» орынбасардың үстінен бойжеткен өткен жылдың қыркүйек айында құқық қорғау органына арыз жазыпты. Оның айтуынша, өзінен лауазымы жоғары әріптесіне шындықты айтқаны жақпай қалған.

«Мен арыз жазғаннан кейін ұжым алдында жиналыс жасап, мені балағаттап, ар-намысыма тиді. Ол айтқан сөздерді қайталауға қиналамын. Бірақ айтуға тура келеді. Көптің көзінше мені  «жезөкше» деп атады.  Мен сол сөзге лайықтымын ба? 6 жылдан бері намысымды таптап келеді. Ашуландым. Дәл сол кезде ойыма сірке суынан өзге ешнәрсе келген жоқ. Өлгім келді», – деді жәбірленуші

Ал аудандық аурухана дәрігерлерінің айтуынша, жәбірленушінің қазіргі жағдайы қанағаттанарлық.

«Науқастың ауыз қуысы күйген, қаны аз. Тиісті емін қабылдап жатыр. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық», – деді Сарыағаш аудандық ауруханасы терапия бөлімінің меңгерушісі Құралай Әбілмәженова.

Мектеп директоры оқу ісі жөніндегі орынбасары денсаулық жағдайына байланысты демалысқа шығып кеткенін айтты.  

«Оқу ісі жөніндегі орынбасарды шақырдық, «педагогқа жат қылық, жас маманды қолдау керек» деп түсіндірме жұмысын жүргіздік. Дүйсенбіден ол кісі емделіп жатыр. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеуден кейін заң талаптарына сәйкес түсіндіру шарасы өткізіледі», – деді Сарыағаш аудандық Толыбай батыр атындағы №66 жалпы орта білім беретін мектеп директоры Күмісбек Балықбаев.

Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде болған оқиға ҚР ҚК-нің 105-бабы 1-бөлігі, яғни «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша тіркелген.

«20 қаңтарда Сарыағаш аудандық полиция басқармасына Орталық ауруханадан жергілікті тұрғынның сірке суына уланып түскені туралы хабарлама келді. Полиция қызметкерлері бірден оқиға орнына барды. Анықталғандай, жәбірленуші аудан мектептерінің бірінде қызмет істейді. Аталған дерек ҚР ҚК-інің 105-бабы 1-бөлігі «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша тіркелді. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі және болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталады», – делінген Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі таңда жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалып, тергеу-тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары