Республикалық жолдардағы су басу қаупі бар учаскелерде тәулік бойы кезекшілік және патрульдеу ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚазАвтоЖолға сілтеме жасап хабарлайды.
«Қабылданған іс-шаралар кешені республикалық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз қозғалысты, сондай-ақ жасанды құрылыстардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жергілікті гидрометеорологиялық жағдайларды ескере отырып, су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені әзірленді. Мердігер ұйымдар мен жол қызметтеріне су басу қаупін алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңінің нәтижелеріне сәйкес су басу қаупі жоғары республикалық автожолдардың учаскелері анықталды», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта 350-ден астам қауіпті учаске ерекше бақылауда. Республикалық маңызы бар автожолдар ашық және су басып, шайылып кеткен учаскелер жоқ.