Талдықорғанда кішкентай балақай жол қызметіне көмектеспек ниетпен 6-шағын аудандағы жаяу жүргіншілер жолындағы шұңқырды өз күшімен жамап қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Баланың бұл тапқырлығы Қазнет қолданушыларын тәнті етті:
"Осы бала құрлы жоқпыз. Бір-бірімізге сілтеп отыра береміз. Бұл мемлекет әкімдіктікі емес, барлығымыздың ортақ жеріміз", "Кішкентай қолдарыңнан айналдым!", "Бала жарады. Шалынып жығылудан шаршаған болса керек", "Өркенің өссін балам!", "Болашақ әкім!".
Талдықорған қаласының әкімдігі ұлын патриот етіп тәрбиелеген ата-анаға алғысын білдірді.
"Міне, еліміздің ертеңі! Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әр азамат қолында барды қастерлеп, бағалай білуі керек. Бұл баланың жүрегінде тұтанған туған жерге деген махаббат сәулесі жалынға айналады деп үміттенеміз", деп жазды Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.