08.02.2023, 15:00

Атырауды қалың қар басып, көлік қозғалысы қиындады (ВИДЕО)

Сондай-ақ, кешеден бері «Атырау-Сағыз» бағытындағы қоғамдық көлік те тоқтап тұр.

Атырауда көліктер қалың қарға батып қалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда 6 ақпанда жауған қар кеше, 7 ақпанда да толастаған жоқ. Күн райы бұзылып, екпінді жел соқты.

«Қазгидромет» РММ Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Айна Қазғұлованың айтуын қарағанда, мұндай қалың қар соңғы рет 2016 жылы жауған. Сол жылы бір тәулікте Атырау қаласында қардың қалыңдығы 34 см, Индер ауданында 58 см-ге жеткен. Өзге аудандарда 34-58 см құраған.

Атырау қаласының көшелерінен қар тазалауға кеше, 7 ақпанда «Арнайы автобаза» ЖШС-дан 250 жұмысшы, 8 трактор, 22 самосвал, 7 жүктиегіш, 3 топырақ шашатын арнайы көлік тартылған. Алайда, бұл кәсіпорын жұмысшылары қарды тазалап үлгере алмай жатыр.

«Ең алдымен, әлеуметтік маңызды нысандар – мектептер мен ауруханалардың, балабақшалардың аумағы, жаяу жүргінші жолағы, қоғамдық көліктер жүретін орталық жолдар мен көпірлер тазартылып жатыр. Қала аумағынан 3 060 шаршы метр қар шығарылып, жолға 85 тонна реагент себілді. Бұл жұмыс жалғаса береді», - дейді кәсіпорын басшысы Алмас Ізтелеуов.

Қалың қар жолаушы тасымалдайтын автобустар мен жеңіл көліктердің қозғалысын қиындатты. Көліктер қарға батып қалып жатыр. Мұндай көрініс әсіресе, Атырау қаласының шеткері көшелері мен шаһар маңындағы елдімекендерде көліктер жиі кездеседі. Мәселен, бүгін Дамбы ауылының тұрғындары Атырау қаласына жете алмаған.

«Smart Atyrau» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Болат Халидолланың мәліметінше, Атырау қаласында күн сайын жолаушы тасымалдауға 200 автобус жолға шығады. Автобустар 31 бағытты қамтиды.

Алайда, «AKZHAYIK Avtopark» ЖШС кеше 7 ақпанда сағат 17:00-де Атырау қаласына іргелес орналасқан елдімекендерге қатынайтын 50, 52, 53, 54, 55, 56, 58, 58А, 59, 62, 64-маршруттағы қоғамдық көліктер қозғалысын тоқтатты. Бұған елдімекендерге жолаушы тасымалдайтын автобустардың қарға батып, жүруі қиындағаны себеп болған.

Сондай-ақ, кешеден бері «Атырау-Сағыз» бағытындағы қоғамдық көлік те тоқтап тұр. Сағыз – Қызылқоға ауданындағы теміржол стансасы. Автобус Атыраудан кешкі сағат 17:00-де, ал, Сағыздан таңғы сағат 06:00-де жүреді.