09.02.2023, 07:00

Түркиядағы жер сілкінісі: Түркістандықтар 2 ұшақ гуманитарлық көмек жібереді

Фото: primeminister.kz
Гуманитарлық көмектің жалпы салмағы - 2 тонна болмақ.

Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен халыққа түркістандықтар 2 ұшақ гуманитарлық көмек жібереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан қаласындағы халықаралық «Turkistan» әуежайы Түркияның Ыстамбұл қаласына гуманитарлық рейс ұйымдастырып отыр. 10-11 ақпан күндері жолға шығатын ұшаққа қазіргі кезде қажетті заттар жинақталып жатыр. Оған кез келген азамат өз мүмкіндігінше көмек беріп, үлесін қоса алады. Ересектер мен балаларға арналған жылы қысқы киімдер, көрпе-төсек, тұрмыстық заттар әуежайда қабылданып жатыр.

Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінің мәлімдеуінше гуманитарлық көмектің жалпы салмағы - 2 тонна болмақ. Әуе рейстерін «Fly Arystan» және «Turkish Airlines» компаниялары орындайды. Қаржылай көмек беремін деушілерге арнайы маман бекітіліп, есеп-шотта ашылған.

Тегтер: көмек Түркия