$ 498.34  519.72  4.85

«Науқасты қабылдап, қанын жуатын су жоқ» - Түркияда оқитын қазақ студент

Краннан топырақ, құм ағып жатыр.
фото: twitter.com/anadoluagency
фото: twitter.com/anadoluagency

Түркиядағы жойқын зілзаладан  көз жұмғандар саны 30 мыңға жуықтады. Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы осындай мәлімдеме жасады. AFAD мәліметтері бойынша эпиорталығы Кахраманмараштағы Пазарджик және Эльбистан аудандарында болған екі жер сілкінісінен кейін 2 412 афтершок тіркелген. Жүздеген афтершокпен жалғасқан жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде де сезілді. Құрбандар тізімі әлі де арта түсуі мүмкін. Түркияда тұратын жерлестерімізбен сұхбаттар сериясын жалғастырады. Бауырлас елдегі ахуал жөнінде Қайсери қаласында тұратын қазақстандық Ләззат Мырзашпен аз-кем тілдескен едік, деп жазады Malim.kz сайты. 

- Ләззат,  амансыз ба?  Түркияда қашаннан бері тұрып жатырсыз?

- Мен үш жылдан астам уақыттан бері Түркияның  Қайсери қаласында тұрамын.  Екі балам осында дүниеге келді. Шаһардағы  Ержиес университетінде дін психологиясы бойынша phd докторантурада оқимын.  

- Сіз тұратын Қайсери қаласы жер сілкінісінің ошағындағы Кахраманмарашқа өте жақын. Зілзала қайсериліктерге қатты байқалған екен.  Табиғи апат кезінде қалай сақтандыңыздар?  

- 6 ақпанда таңғы сағат 4:17-де жер сілкінісі басталды.  Зілзала шырт ұйқыда жатқан бәріміздітөсектен жұлқып оятты, үй теңселіп кетті.  Ұлым мен қызымды алып есікке ұмтылдым. Қатты қорықтық. Шығып үлгермейміз-ау деп одан бетер зәреміз ұшты.    Сол сәтте көрші тұратын қазақтар  да асығыс далаға шығып бара  жатты. Содан екі баланы  жұқа киімімен көтеріп,далаға әрең шықтық. Баспалдақ,  дәліз тоқтаусыз қозғалып тұрды.  Үйде үш айдан бері досым, ақын Салтанат Мадиярқызы бар еді, ол мүмкіндігі шектеулі адам,  балдақтың өзімен әрең қозғалады.  Бар уайымым екі бала мен Салтанат болды.

Далада қалың қар, аяз сақылдап тұр. Таңғы 6:30-ға дейін түзде жүрдік.  Үйдің астында дүкен бар еді, екі баланы сол жерге  тапсырдым да 6- қабатқа көтеріліп  Салтанат пен балалардың жылы киімдерін алып қайта шықтым.  Ол кезде де 1 қабаттағы дүкен теңселіп тұрды. Дүкенді жабамыз деген соң далада  от жағып жылынып тұрған жастардың қатарына қосылып,   балаларды жылыттық. Кейін жақын маңдағы  кафедегілер «ішке кіріңіздер,  дала аяз» деген соң сонда отырдық. Жарты сағат өтпей жатып  кафе де қозғала бастады. Одан шығып,   үлкен спорт салонына баруға көлік іздедік. Такси жоқ, көлік тоқтамайды. Бір кісіге өтініш жасап,  спорт салонына жеттік. Онда  адам тым көп, бәрі үрейленіп қалған. Түскі 13:10 уақытында  тағы да жер сілкінді.   Кешкі 20:00-де зілзала қайта бас көтерді. 

- Үйге кіруге болмайды ғой. Осы уақытқа дейін қай жақты паналадыңыздар?  

- Адамдардың біразы мешітті, той салондарын, мемлекет арнайы ашып қойған спорт орталықтарында болды.  Балалардың қауіпсіздігі үшін бес күн үйге кірмедік. Мешіттің жертөлесінде отырдық.  Жер сілкінісін қабылдап, мойындап,тыныштықты күтіп отырып өмір сүру оңай емес екен. Әр күні «төтенше жағдай ертең бітетін шығар, ертең жұмысымызды, оқуымызды, күнделікті тіршілікті бастаймыз»деп отырған адамдарды көрдік.

- Дәрігерлер де болған шығар ол жерде? 

- Біз мешітте 9-ақпан күні жас дәрігерлермен бірге болдық. Ауысымнан шыққан беті  екен.  Екі ұл, екі қыз. Біреуі Анкарадан, екеуі Кониядан келіпті. Бір күнде ауруханада 120 бала өмірден өтті дейді. «Кахраманмараштан осында жеткізіліп жатқан балалардың жағдайы ауыр. Науқасты қабылдап, қанын жуатын су жоқ. Краннан топырақ, құм ағып жатыр. Ал, дүкендерде ішетін су таусылған, бәрін апат болған  қалаларға жіберіп жатыр. Біз әбден шаршадық, бірақ ұйықтай алмаймыз.   Ауруханадағы қаншама мәйітті,  науқас адамды көрген бұларға оңай емес, жүйкелері сыр бере бастаған», - деп отырды. Кебін де бітті, табыт та жоқ, мәйітт іпакетке орап жатыр. Бәрін бір жерге көмеді. Кайсериге жеткізген балалардың жағдайы ауыр, тек қана балалар мәйітінің саны 560 болды деді дәрігерлер. Тіпті аурухананың моргінде де  орын жоқ дейді.  Дәрі-дәрмек бұрын сол жер сілкінісі болған жерден келіп тұрған екен. «Енді Кониядан алдырып жатырмыз. Жеткіліксіз» деп айтып отырды.  

Мешіттегі адамдардың қолынан бір ғана нәрсе - жылы жамылғы көрдік. Кім қай жерден орын тапса, жамылғысын жамылып жата кетеді. Кез-келген жағдайда далаға шығып үлгеру үшінбәрі сырт киіммен ұйықтады.  Мен де сондай оймен мешіттің есігінің тап жанында отырдым, есік түнімен мың рет ашылып-жабылып, салқындап та қалдым. Сондағы бар ойым - есіктің жанында отырсам, қатты сілкініс болса, балаларды, Салтанатты шығарып үлгеру жылдам, оңай болады деп ойладым.

- Қаржылай көмек жинап, ауруханаға барып, науқастармен кездесіп жүргеніңізді де байқадық. Науқастардың жағдайы қалай?  

- Қайсери Кахраманмарашқа жақын болған соң жетім қалған балаларды, ауру, жаралылардың бәрін осында әкеліп жатыр.Ержиес университетінің ауруханасына барып қайттым. Қайсериге әкелінген науқас балалардың көбі құжатсыз, киім-кешекке мұқтаж.   Ауыр жараланған бүлдіршіндерді көріп жүрегіміз ауырды.  Дефне деген қыз Пазарджик деген жерден әкелініпті. Аяқтары сынған.

Омар деген Сириялық жігіт аяғынан айырылған. Оны Елбистаннан әкесі жеткізген екен. Жер сілкінісінде құлаған үйдің астында қалған. Румейса деген қыз, 12 жаста. Терезеден секіріп аяғы сынып, басы жарылған.

- Олар Сізге қандай өтініш айтты? 

- Қыздардың өтініштерін сұрап білгенімізде, олар «телефонымыз жоқ, байланыстан ажырап қалдық. Киіміміз де болмай тұр» деді. «Түркия нарығында  киім-кешек мол ғой, неге жіберіп жатырсыздар» дейтіндер де табылып жатыр. Олай емес. Ауруханаларды аралап, өз көзіммен жағдайды байқадым.Киім көп болғанымен, уақытында жеткізіліп жатқан жоқ. Көмекті ұйымдастыру жағы нашар. Кеше оқырмандарым арқылы ақша жинап, Қахраманмарашқа жібердік, жартысын мұндағы ауруханалардағы балалардың керегіне жұмсадық. 

Қарап отырмай, базарға барып, балалардың киім-кешегін, телефондарын  алып, табыстап қайттық. Бүгін зілзаладан зардап шеккен тағы бір отбасыға қалған қаражатты тапсырсам деп отырмын.

- Апат айтып келмейді. Қайғылы оқиғадан не түйдіңіз?  

- «Түн тыныштығын берсін» деген сөздің қадірін терең түсіндік.  Қиын жағдайда өзіңді ұстай білу, басқаларға қамқорлық таныту үшін батырлық жеткіліксіз, мықты сенім, иман болуы  керек екен.  

- Зілзаладан жүрегі шайлыққандар Қазақстанға оралып жатыр. Сіз елге келмейсіз бе? 

- Оқуды  жалғастыруым керек. Диссертация жазып жатырмын.   Келесі жылы докторлық қорғау керек. Қазір нақты бір шешім шығара алмай отырмын.  Біздің елде түрік  әдебиеттері бар кітапханалар жоқ. Осында зерттеу жасап жатырмын. Оқуды тастау қиын болып тұр. Пәтерақысын бұл жақта бір жылға төлейді. Оны төлеп қойғанбыз. Қазақстанда өзіміздің баспанамыз да жоқ.

- Алда не жоспар? 

- Кахраманмарашта аман қалған қазақтарға, түріктерге психологиялық көмек керек екен. Бұйырса, бүгін жолға шығамын. Әлі де қорқынышымыз сейілген жоқ, үнемі жер сілкінетін сияқты күйде жүрмін.  Амандықта болайық.

- Тыныштық болсын! Түркиядағы бауырларымызға амандық тілейміз!  

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары