15.02.2023, 12:40

Бибісара Асаубаева жүлделі орынға қанша сыйақы алғанын айтты

©instagram.com/bibisarachess
Оның көп бөлігін анаммен бөлістім.

18 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Динара Сәтжанға берген сұхбатында жүлделері мен қомақты сыйақылары туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бибісара Асаубаева Алматыда өткен блицтен әлем чемпионатында екінші мәрте жеңімпаз атанған болатын. Шахматшы қыз сайыстан кейінгі әсерімен бөлісті.

“Осыдан 5-7 жыл бұрын чемпионаттарды тамашалап, жеңімпаз атануды армандайтынмын. Ал қазір өзіңнің үздік екеніңді білу керемет сезімге бөлейді. Блицтен әлем чемпионатына жыл сайын қатыса аламын. Осы жылдың аяғында тағы да сайыс ұйымдастырылады. Жеңімпаз атанып кубок пен медальдан бөлек ақшалай сыйақы алдым. Жаттықтырушыммен жасаған келісім бойынша, төлемақының 50 пайызын жаттықтырушыма беремін. Бірінші орынға 40 мың доллар берді. Оның көп бөлігін анаммен бөлістім”, – дейді бойжеткен. Мұның орынды екенін алға тартқан бағдарлама жүргізушісі Бибісараның жетістікке жетуіне анасының зор үлес қосқанын атап өтті.

Бибісараның анасы Лиана қызының шахматқа қызығушылығы қай жастан басталғаны туралы баяндады.

“Бибісара 4 жасынан бастап шахматпен айналысады. Кішкентайынан сабырлы бала болатын. 1 жасында анық сөйлеп, 30-дан астам өлең шумақтарын жатқа айтатын. Әпкем карта ойнауды, әкем шахмат ойнауды үйретті. 4 жасында үйірмеге барғанда жасы кіші болғандықтан қабылдамай қойды. Қызыма бұл жолдың ауыр , қиындыққа толы екенін ескерттім. Бүгінде 14 жыл шахматтан қол үзбей жаттығып келеді”, – дейді Лиана Таңжарықова.