$ 487.37  532.94  5.09

Ақтөбеде 58 автобустың жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартты

Ақтөбедегі тасымалдаушы компания жүргізушілер наразылығының бірнеше себебін атады.
Фото: Ulysmedia.kz
Фото: Ulysmedia.kz

Ақтөбе қаласындағы ішкі тасымалды қамтамасыз ететін «Автопарк» ЖШС бір топ жүргізушісі жұмысқа шықпай қалды. Бүгінде бұл қызмет өзге тасымалдаушыларға жүктелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақтөбе қаласындағы тасымалдау жұмысын төрт мекеме қамтамасыз етеді. Кеше кешкілік «Автопарк» ЖШС-нің бір топ жүргізушісі айналымды толық аяқтамай, орта жолдан қызметін тоқтатты. Келіссөз жүргізілгенімен, жүргізушілермен бір мәмілеге келу мүмкін болмай тұр. Бүгін 58 қоғамдық көлік автобустар паркінен шықпаған.

«Автопарк» ЖШС қызмет көрсететін №21-бағыттың орнына бүгін №51-бағыттың автобустары жүріп жатыр. Оның сызбасы ұзартылды. Сонымен қатар №26-бағыттың жұмысына қатысты қазір реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге тұрғындарға №24, 15, 8, 48-бағыттардың автобустарын пайдалану ұсынылды. Қалған бағыттардың бәрі де автобустармен қамтылды. Ұялы телефондағы қосымшада «Автопарк» ЖШС-нің кейбір бағыттағы автобустары көрінбей тұр. Ол бағытқа қаладағы басқа үш тасымалдау компаниясының автобустары қызмет көрсетіп жатыр», - деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбедегі тасымалдаушы компания жүргізушілер наразылығының бірнеше себебін атады.

«Кеше сағат шамамен 16:00-де жүргізушілер жұмысты тоқтататынын айтып, ескертті. Компания жүргізушілердің сыйақысын қиып тастады. Себебі олар валидаторларды істен шығарған, сөндіріп тастаған, жолаушылардың қолма-қол төлеген жолақысын өздері иемденген, екінші деңгейлі банк картасына аударуды талап етеді және сызбаға сәйкес жүрмейді, маршрутты ерте тоқтатады. Бәрі жинақталып, акті жасалды. Сыйақыдан қағылған соң 10-15 жүргізуші ұйымдастырып, бірнеше бағытты тоқтатты. Қала әкімдігі бірден басқа тасымалдаушыларды шығарды. Бүгін де автобустардың 58-і тоқтап, 73-і шықты. Жүргізушілерді жинап, сөйлесе алмадық. Бір-екі адам келіп, демалысқа шыққысы келетінін айтты. Еңбекақы уақытылы беріледі. 250-400 мың теңге. Оған риза емес», - деді «Автопарк» ЖШС заңгері Руслан Жылқаманов.

Жүргізушілер сыйақыны толық төлеу және жалақыны көтеру туралы талап қойып отыр.

Ал тасымалдаушы компания жаңа жүргізушілер іздеп, келісімге келгендерімен қайта сөйлесуді мақсат етіп отыр.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тасымалдаушы компания ертең қоғамдық көлік тасымалы қалыпты жұмысқа көшеді деп уәде еткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары