$ 441.66  475.14  4.86

ҰҚК төрағасының орынбасары Челахтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Ол Шекара қызметінің ресми ұстанымы тергеу ұстанымы мен сот қорытындысына сәйкес келетінін жеткізді.
Фото:  wikimedia
Фото: wikimedia

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов тергеу Владислав Челах ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сенат отырысынан кейін тілшілер ҰҚК өкілінен жақында мәлімдеме жасаған Владислав Челахтың қандай шындықты айтқысы келетінін туралы сұрады. Е. Алдажұманов аталған істің барлық жай-жапсары толық анықталғанын, алайда В. Челахтың тағы не айтқысы келетінін білмейтінін жеткізді.

«Бұл жерде пікір білдірудің өзі артық деп ойлаймын. Қылмыстық іс қозғалған жылы-ақ оқиғаның барлық мән-жайы анықталып қойған болатын. Оның не туралы айтқысы келетінін білмеймін. Тергеу толық көлемде жүргізілді, оның нәтижелерінің логикалық түйіні де шешілді. Ал егер өтініш түсіп жатса, оның не туралы екенін мазмұнынан біле жатармыз, өйткені мен оның не айтқысы келетінін білмей тұрмын», - деді Ерлан Алдажұманов.

Оның айтуынша, Шекара қызметінің ресми ұстанымы тергеу ұстанымы мен сот қорытындысына сәйкес келеді.

«Арқанкерген» бекеті маусымдық кезеңде, яғни жазда тауда жол ашылып, мемлекеттік шекараны бұзып өтуге және басқа да себептерге қолайлы соқпақтар пайда болған кезде орнатылады. Жазғы кезеңде, қажетіне қарай, жедел ақпарат түскен соң қойылады», - деді Е. Алдажұманов.

Айта кетсек, «Арқанкерген» бекетінде 15 адамды өлтіргені үшін сотталған Владислав Челах биылғы 22 қаңтарда тағы арызданған болатын. Кейінірек Бас прокуратура арызды қарастырып жатқанын хабарлады.

Ол бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, болған жайды түсіндіру үшін куәлік беруге дайын екенін айтқан еді.

«Құрметті Президент, көп жыл өтсе де қайғылы оқиға жайлы қайта айтуға дайынмын. Менің бар сұрарым, мені тыңдап, маған мүмкіндік берсеңіздер. Қалай болғанын айтқым келеді және бәрін айтуға дайынмын. Тергеушілерге де бәрін айтуға дайынмын. Оқиғаның қалай болғаны сол күйі ашылмай қалды», - деді ол өз хатында.

Еске салайық, Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» бекетінде қайғылы оқиға 2012 жылдың 28 мамырында болған еді. Сол кезде 14 шекарашы мен бір аңшы қаза тапқан болатын. Оқиға орнына жеткен шекарашылар казарманың ғимараты өртеніп кеткенін, оның ішінде 14 өлген адамның мәйіті жатқанын анықтады. Жақын маңдағы аңшылар үйінен аңшының мәйіті табылды. Сол кезде оқиға орнында тірі қалған жалғыз адам – қатардағы сарбаз Владислав Челах ұсталған еді. Алғашында ол әріптестері мен аңшыны өлтіргенін мойындағанымен, кейін бұл айғақтарынан бас тартып, олардың қысыммен берілгенін айтты. 2012 жылдың 11 желтоқсанында тергеу 19 жастағы жігіт 15 адамды атып тастады, содан кейін казарма мен мәйіттерді өртеп жіберді деген қорытындыға келіп, сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Қазір Челах жазасын Жітіқардағы «Қара бүркіт» колониясында өтеп жатыр.

2015 жылы Челахтың ісі БҰҰ-да қарала бастады, кейін қазақстандық тұтқын жүгінген БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті оның өз отанында әділ, бейтарап сот ісін қарау құқығынан айырылғанын мойындады. 2019 жылы Челах өз ісін Жоғарғы Соттың кассациялық сатысында қарау туралы өтініш берді. Ол бұзылған құқықтары үшін және үкімнің күшін жою үшін 30 миллион теңге талап етті. Алайда сот Челах ісінде ешқандай заңбұзушылықтар болмағанын мәлімдеп, оның шағымын қанағаттандырған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ҰҚК #Челах ісі