$ 483.23  534.74  5.12

«Біз біргеміз». Шекара асқан құтқарушылар еңбегіне шолу

Сондай-ақ, жасақ құрамына кинологиялық есептер мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері де бар.
Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ

Ағымдағы жылдың ақпан айы түрік ағайындарымыз үшін ауыр басталды. Түркия елі мен оған көршілес орналасқан бірнеше мемлекетте қуатты жер сілкінісі болды.  Салдарынан қалалар қирап, мыңдаған адам жарақат алды тағы сан мыңы қаза тапты. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның сөзінше, бұл 1939 жылдан бергі ел тарихында болып тұрған ең жойқын жер сілкінісі. 

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес елге көңіл айта отырып, көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен апат болған күннің ертеңіне Қазақстан ТЖМ құтқарушыларынан құралған арнайы жасақ Алматы қаласынан көмекке Түркияға аттанды. Сондай-ақ, жасақ құрамына кинологиялық есептер мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері де бар. Олар құтқару жұмыстарына қажет барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда: автотехника, жарықтандыру құралдары, гидравликалық домкраттар, палаткалар, перфараторлар, спутниктік терминал және каркасты модуль және тағы да басқалар. Сонымен қатар, құтқарушылар құрамында өз ісінің нағыз маманы атанған бірнеше жылдық тәжірибесі бар қызметкерлер де жетерлік. 

Түркия еліне жеткен құтқарушылар өз жұмыстарын Ибрахимили ауданында бастады. Олар аталмыш ауданда орналасқан объекттерде адамдар болу фактісі жойылғанша іздестіру және құтқару шараларын жүргізді. 

Жойқын жарылыстың зардабы да соған сай көп болғаны баршамызға белгілі. Мұны ескерген президент Тоқаев тағы да тікелей тапсырма беріп, ел құтқарушыларының  60 адамнан тұратын екінші жасағы  шекара асып көмек көрсетуге  аттанды. Олармен бірге 150-ге жуық құрал-жабдық және 160-тан аса дәрі-дәрмек түрі қоса барды. Бұл жолғы құтқарушылар тобы Газиантеп қаласындағы іздестіру жұмысына қосылды. Сілкіністің нағыз ошағы болған да осы маң еді. Ал Министр Юрий Ильин өз кезегінде құтқарушыларға нұсқаулық көрсетті. Содан кейін Қарағандыдан көрші елге 15 адамнан тұратын құтқарушылар тобы тағы да аттанды. 

Түркия еліне кеткен ел құтқарушылары жеті адамды үйінді астынан алып шығып, оларға екінші өмір сыйлады. Өкінішке қарай, апат болған орыннан 85 адамның денесін тапты. Оның 10-ы бала.

Қазіргі уақытта Қазақстан ТЖМ құтқарушылары екі өңірде әлі де өз жұмыстарын жалғастыруда. Арнайы техникалардың жұмысын жеңілдету үшін қираған жерлердегі үйінділер арасын ашып, жолдарды тазартумен айналысып жатыр. Зілзала болған Газиантеп қаласындағы құтқарушыларымыз екі учаскеде екі ауысымға бөлініп тәулік бойы жұмыс істеуде. 

Тағы бір тобы бірнеше қабатты ғимаратта өз міндеттерін атқаруда. Тоғыз қабатты ғимараттың тас-талқаны шыққан. Әйтсе де, адамдарды іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Өйткені, бұл жерден төрт адам құтқарылды, тағы 27 адамның денесі табылды. Тағы басқа екінші топ жұмыстанып жатқан алты қабатты ғимараттың астынан 24 мүрде шығарылды. 

Жалғасы бар...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары