Екінші эшелонмен барған Қазақстан ТЖМ құтқарушылары болса, Нурдагы қаласында тәулік бойы жұмыс істеуде. Бұл жерден қайтыс болған он бір адамның денесі шығарылды. Қазақ құтқарушылары бұл жерде де өз істерін жетік меңгергендерін тағы бір дәлелдеп, 18 мың текше метрден асқан үйіндінің астынан үш бірдей адамды аман алып шықты. Құтқарылған ер адам мен екі әйел медицина қызметкерлерінің бақылауында. Сонымен қатар, құтқарушыларымыз Нурдагы қаласындағы зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялау үшін жолдардағы кедергілерді жоюға жұмылдырылды.
Құтқарушылардан бөлек медицина қызметкерлерінің де атқарып жатқан ісі орасан зор. Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандарына күніне қырыққа жуық зардап шеккен адам жүгінеді. Дәрігерлер оларға үзіліссіз тәулік бойы көмектесуде. Медициналық көмекке зәру адамдардың көпшілігі стреске ұшырағандар мен тыныс алуы нашарлағандар. Сондай-ақ, әртүрлі дене жарақатын алғандар да жетерлік.
Қазақстан ТЖМ құтқарушылары үйінді астынан арада 76 сағат өткеннен кейін әкесі мен баласын аман алып шықты. Оларды аман алып шығу үшін құтқарушылар 20 сағат бойы өз өмірлерін қауіпке тіге отырып жұмыс істеді. Джейкоб атты құтқарушы ит белгі бергеннен кейін, мамандар акустикалық апаратты қолданды. Қолдағы электр құрылғыларының көмегімен адамдарға қарай жылжып жетті. Құтқарушылар құрамында Қоңыров Мәулен, Байқұлов Біржан, Джанжігітов Мақсат, Нұрмұхамедов Ильфрад, Мұхамеджанов Айдос, Максимов Игорь, Искаков Тахиржан, Асанбаев Бүркіт, Амантай Ғани, Джуаров Олжас, Дүйсембаев Бисенғали, Бақұлы Даменұлы, Дюсембаев Бисенғали, Дәмен Серік, Денисов Дмитрий, Алпысбай Халық-Аман, Усимов Данияр, Алпысбаев Бауыржан, Бозтеиров Нұржан, Берлыбеков Ерік, Піржанов Рахат болды. Түркия елінде болған орны толмас апаттың салдары мен зардабын жеңілдету жолында біздің құтқарушыларымыз әлі де қауіпті жұмыстар атқаруда. Бірақ қиындыққа қарамастан өз қызметіне адал болып қалу олар үшін негізгі міндет болып саналады. Тіпті бәрін тастап, басқа елге көмекке аттану да құтқарушылар үшін қалыпты жағдай.
«Құтқарушылар үшін табиғи немесе техногендік апаттың қай жерде болғаны маңызды емес. Өйткені, біз әрқашан дереу көмекке келуге дайынбыз. Төтенше жағдай туындаған тұста оған дұрыс баға беру, тұрғындардың өмірін сақтап қалу үшін дұрыс шешім шығару маңызды. Сондықтан қандай жағдай болмасын ауыр-жеңіліне қарамай оған кірісе кету біздің қызметіміздің ең ерекше тұсы болып саналады», - деп атап өтті Түркия елінде жүрген бас құтқарушы Данияр Арғынұлы.
Бейбіт күннің батыры атанып отырған құтқарушылардың еңбегі еленетініне сенімдіміз. Оған дәлел ел президентінің сөзі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сапармен төтенше жағдайлардан қорғау саласында кадр дайындайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Азаматтық қорғау академиясына барған болатын. Тоқаев мемлекеттің негізгі қазынасы болып саналатын халықтың қауіпсіздігі мен амандығы қашан да бірінші орында екенін тілге тиек етті. Уақыт пен әлемдегі жағдай көрсеткендей бұл саланың салмағы мол, қажеттілігі зор болып отыр.
«Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан, осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды», - деді Тоқаев. Өзінің тапсырмасымен шекара асып кеткен Қазақстан ТЖМ құтқарушылары туралы сөз қозғап, елге оралғаннан кейін лайықты марапат көрсетілетінін атап өтті.
«Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 70 пайызға дейін көтерілетін болды. Бұл қызығынан қиындығы мол салада жүрген мамандардың атқарған істеріне берілген ең дұрыс баға.