$ 487.37  532.94  5.09

Шымкентте балалар үйінен 2 жасөспірім қашып кетті

Қыздың бірі 13 жаста, бірі 18-де.
Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Шымкентте балалар үйінен 2 тәрбиеленуші қашып кетті. Бұл жағдайды қалалық білім басқармасы растап отыр, деп хабарлады Almaty.tv.

Баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, екі қыз 16 ақпан күні кешкі сағат 21:45 шамасында өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығынан шығып кеткен. Әзірге қайта оралмаған.

"Мекеме қызметкерлері дер кезінде байқап, Шымкент қаласының полиция департаментіне және 102 жедел желісіне хабарлаған. Сондай-ақ Абай, әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандық полиция басқармаларына да білім басқармасы тарапынан кәмелетке толмаған қыздарға қатысты "Іздеу" жұмыстарын жүргізу туралы хаттар жолданды", – деп мәлімдеді Шымкент қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Шымкент қалалық полиция департаменті қазір екі жасөспірімді іздеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Тәртіп сақшылары барлық бейнекамераны бақылап, олар жүруі мүмкін орындарды тексеріп жатыр. Айта кетері, жоғалып кеткен қыздың бірі 13 жаста, бірі 18-де екен.

"Жасөспірімдердің жоғалу жайты сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қыздардың жүрген жерін анықтауға бағытталған барлық қажетті іс-шараны жүргізуде", – деді Шымкент қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Мөлдір Бекеева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары