20 ақпанда өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек Қазақстанда қос азаматтық фактілерін анықтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Шұғыла Тұрлыбек Қазақстанның қос азаматтықты мойындамайтынын еске салды.
"Өткен жылы қос азаматтық алғаны үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 138-і сот шешімімен елден шығарылды, қалғандарына айыппұл салынды. Соңғы бес жылда азаматтық заңнаманы бұзғаны үшін 3515 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 3000-ға айыппұл салынды, 473-і елден шығарылды. Барлығынан Қазақстан азаматтығы алынып тасталды", деді Шұғыла Тұрлыбек.
Ол биылғы жылы қос азаматтық фактілерінің алдын алу мақсатында басқа азаматтықты қасақана жасыру үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Шұғыла Тұрлыбек еліміздің азаматтығынан айырылған азаматтың Қазақстан азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігін пайдаланғаны, сондай-ақ заңда белгіленген адамдарға хабарламағаны үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Сондай-ақ, қос азаматтығы бар фактіні жасырғаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе елден шығару қарастырылған.
"Басқа азаматтықты қабылдау кезінде зардаптарды болдырмау үшін басқа елдерге кеткен және басқа азаматтықты қабылдаған Қазақстанның бұрынғы азаматтары 30 күн ішінде Қазақстанның консулдық мекемесіне азаматтықты жоғалтуды тіркеуге өтініш беруі керек", Шұғыла Тұрлыбек.
Жалпы, ондағы мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын ел азаматтығын алуға 20 мыңға жуық адам жүгінеді. Тәуелсіздік жылдарында бір миллионнан астам адам, ал өткен жылы – 22 мың, оның ішінде Қазақстан Президентінің Жарлығымен – 1375, оңайлатылған тәртіпте – 20 мыңнан астамы қазақстандық болды.
Оның ішінде 17,5 мыңнан астам канда, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы азаматтыққа қабылдаудың оңайлатылған тәртібі туралы келісім бойынша – 1287, күйеуге шыққан әйелдің азаматтығы туралы конвенция бойынша – 1777.
2022 жылдың 8 қарашасында Қазақстан азаматтығын беру кезінде мемлекеттік тілді білу ескерілетіні хабарланған болатын.