$ 490.84  536.88  5.04

Бақытгүл Хаменова ісі: Басқарма басшысы мен сыбайласының жазасы жеңілдеді

Жеті жылға бас бостандығынан айырылған Бақытгүл Хаменованың жазасы сол күйінде қалды.
фото: aikyn.kz
фото: aikyn.kz

Экс-шенеунік Бақытгүл Хаменовамен бірге тергелген басқарма басшысы мен серіктестік директорына қатысты сот үкімі өзгерді. Оларға тағайындалған бұрынғы жаза мерзімі төмендетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Б.Хаменова және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бұрынғы басшысы А.Рысқалиевке, «Балқыту» ЖШС директоры У.Адамовқа қатысты қылмыстық іс Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасында қайта қаралды.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының шешімімен А.Рысқалиевтің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 28-баптың 5-бөлігіне, 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағына пара алуға жәрдемдесу ретінде қайта дәрежеленді.

«Асылбек Рысқалиевтің жауапкершілігін едәуір жеңілдететін жағдай ретінде қылмыстың ашылуына ықпал еткені, қылмыстың басқа да қатысушыларын әшкерелеуі, асырауында 4 жас баласы бар ескерілді. Оған тағайындалған жаза Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігімен 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. У.Адамовтың егде жасы (65 жаста), асырауында төрт және кәмелетке толмаған 3 баласы бар, кәмелетке толған бала кезінен мүгедек екі баланың бар екені ескеріліп, жаза мерзімі өзгереді. Ол ҚР Қылмыстық кодексі 55-бабының 4-бөлігімен 1 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылады», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Ал жеті жылға бас бостандығынан айырылған Бақытгүл Хаменованың жазасы сол күйінде қалды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Хаменованың ісіне қатысы бар басқарма басшысы - 7, серіктестік директоры 4 жылға сотталғанын жазған едік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары