23.02.2023, 01:19

«Енесінің картасына аудартқан»: Атырауда 23 миллион теңге пара алған полицейдің соты басталды

Атырау облысы аумағы арқылы ірі габаритті немесе ауыр салмақты жүк көліктерінің өтуін бақылаудың орнына, жүк иелерінен белгілі бір мөлшерде пара алып, оларды еркін өткізіп жіберген.

Атырау қаласының №2 сотында Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады azh.kz сайты.

Ол ҚК-тің 366-бабының 3-бөлігінің 3,4-тармақтары («Ірі көлемде бірнеше рет пара алу») бойынша айыпталды. Ал ол алды деген параның жалпы сомасы 23 миллион 817 мың теңге.

Сотта сотталушының Атырау облысы аумағы арқылы ірі габаритті немесе ауыр салмақты жүк көліктерінің өтуін бақылаудың орнына, жүк иелерінен белгілі бір мөлшерде пара алып, оларды еркін өткізіп жібергенін анықтады. Істе 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде осындай 13 эпизод қамтылған. Бұл ретте ақша сотталушының қайын енесінің Kaspi Gold картасына аударылып тұрған.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мән-жайлар мен сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, бейнежазбалармен, сот-фонографиялық, сот-филологиялық сараптамалармен және аудиторлық қорытындылармен расталады.

Сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.

Сот оны кінәлі деп танып, өмір бойына мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айырумен қатар, 8 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.

Еске салсақ, Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 3,4-тармақтары бойынша санкция параның 60-тан 70 еселенген мөлшеріне дейін айыппұл немесе 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.