24.02.2023, 11:20

Министрлік тікұшақ апатына қатысты алғашқы мәліметтің неге қате болғанын түсіндірді

фото: ТЖМ
Алдын ала ақпарат бойынша бәрі аман деген мәлімет тарады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов ведомствода өткен брифингіде Батыс Қазақстандағы тікұшақ апатынан зардап шеккендер туралы алғашқы мәліметтің неге жалған болғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері әуелі тікұшақ апатынан зардап шеккендер жоқ екені туралы мәлімет қалай тарап кеткенін сұрады.

«Ол ақпарат өтірік болған жоқ. Алдын ала ақпарат деген бар. Әуелі диспетчерлер біздің тірі қалған қызметкермен байланыса алмаған болып шықты. Оқиға орнында байланыс өте нашар болған. Интернет байланыс жалпы болмаған. Телефон байланысы да нашар болған. Сондықтан олар қоңырау шалып, байланыса алған кезде біздің ТЖМ-нің апаттан аман қалған қызметкерінің берген ақпараты естілмей қалған. Сол сәтте байланыс қайта үзілген. Сондықтан алдын ала ақпарат бойынша бәрі аман деген мәлімет тарады», - деді ведомствоның ресми өкілі.

Еске салсақ, кеше Батыс Қазақстан облысында «Қазавиақұтқару» АҚ-ға тиесілі тікұшақтың «апатты жағдайда қонып», 4 адамның мерт болғаны хабарланған болатын.

Бүгін таңертең ТЖМ Батыс Қазақстандағы оқыс оқиғадан қаза тапқандардың аты-жөнін жариялады.