24.02.2023, 14:40

Қоспаевтың қылмыстық тобына шекарадан заңсыз өтуге көмектескен тұрғын ұсталды

Фото: Азаттық рухы
Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар тұлғалар Жамбыл облысының аумағында орналасқан мемлекеттік шекара арқылы елімізден шығып кеткен.

Жамбыл облысының прокуратурасы Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін мемлекеттік шекарадан өткізген тұлғаның ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар тұлғалар Жамбыл облысының аумағында орналасқан мемлекеттік шекара арқылы елімізден шығып кеткен. 

«2022 жылдың 10 қарашасында Қордай аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы 2-бөлігі (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша қылмыстық істі тіркелген. 11 қарашада Қордай ауданының прокуроры Бірлік Ізбасаровтың қаулысымен полиция және шекара басқармасының тәжірибелі қызметкерлерінен мекемеаралық топ құрылды. Прокуратура жүргізген үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде, жоғарыда көрсетілген тұлғаларды 2022 жылдың 6 тамызында Сортөбе ауылының маңында брод арқылы мемлекеттік шекарадан өткізуді ұйымдастырған жергілікті тұрғын анықталып, құрықталды. Күдікті кінәсін толық мойындады», - делінген хабарламада. 

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жалғастырылуда және прокуратураның бақылауына алынды.

Айта кетсек, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері Шалин, Имашев және Қоспаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің 249 (рейдерлік) және 262-баптарымен (ұйымдасқан қылмыстық топ құру және қатысу) жасаған қылмыстары үшін Қаржылық мониторинг агенттігімен халықаралық іздеу жарияланған болатын.