Мәдени және тарихи мұра – бұл әлемнің әр халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес және орны толмас байлығы. Жойылу немесе сыну салдарынан оның кез-келген бөлігінің жоғалуы әлемнің барлық халықтарының мұрасын ортайтқанмен тең. Олардың артықшылықтарына байланысты бұл мұраның кейбір объектілері көрнекті әлемдік құндылыққа ие деп танылуы мүмкін.
Адамзаттың орны толмас мұрасын құрайтын нысандарды анықтауды, қорғауды, сақтауды және танымал етуді мүмкіндігінше қамтамасыз ету үшін ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер 1972 жылы жаһандық мәдени және тарихи мұраны қорғау туралы Дүниежүзілік мұра Конвенциясын қабылдады. Еліміз осы Конвенцияның толыққанды мүшесі саналады.
Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы жалпыадамзаттық мәдениеттің құрамдас бөлігі, адам интеллектін, этнос қоғамын қалыптастыру мен дамытудың пәрменді тетігі, тарихи жадының аса маңызды қоймасы саналады.
ҚР Конституциясы әрбір азаматтың мәдени өмірге қатысу және мәдениет мекемелерін пайдалану, тарихи-мәдени мұраға қол жеткізу құқығына кепілдік береді. Сонымен қатар, Конституция азаматтарды аталмыш мұраны сақтауға, ескерткіштерін қорғауға міндеттейді. Негізінде тарихи-мәдени мұраны мемлекеттік-құқықтық қорғау қызықты және ағартушылық тарихқа ие.
Қазақ елі Еуразияның этномәдени және рухани байланыстарын тоғыстыратын Орталық Азия өңірінің ажырамас бөлігі ретінде, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бері ЮНЕСКО-ның мәдени және табиғи мұраны сақтау жөніндегі қызметіне кірісті. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени мұра тізіміне Қазақстанның бірнеше нысаны кірді: Алматы және Ақтөбе облыстарындағы Қаялық, Қарамерген және Талғар, Жамбыл облысындағы Степнинское, Ақыртас, Құлан, Қостөбе және Өрнек.
Еліміздің мәдени мұрасының қазіргі жайы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді сақтау және одан әрі дамыту жөніндегі шаралар кешенін барынша қамтамасыз ету, тарих қойнауында жатқан ескерткіштерді ашу, кесенелерді, көне мешіттерді, ежелгі қалашықтарды консервациялау, қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарды жандандыру, солардың базасында жаңа тарихи-мәдени мұражай-қорықтар құру сияқты бірнеше бағытты айғақтайды.
Соңғы жылдары Қазақстанда аталған кешендердің барлық компоненттерінің органикалық өзара байланысын, сондай-ақ олардың түпнұсқалығы мен тұтастығын сақтау бойынша белсенді шаралар қабылдануда. Қираған ескерткіштерді құжаттау және консервациялау, оларды күзетімен қоса аймақтарға бөлу, қысқамерзімді перспективаға арналған менеджмент-жоспарларды жасау және іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.