Успенка ауылында ата-анасына ренжіп қалған 8 жасар қыз 90 шақырым шалғай жатқан Павлодар қаласына жаяу шығып кеткен. Оны жолда келе жатқан полицейлер көріп қалған, деп хабарлады Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
27 ақпан күні патрульдік экипаж кешкі сағат 21:20-да "Павлодар – Успенка" тас жолымен жаяу кетіп бара жатқан қызды байқаған. Оның жанында ешкім болмаған.
Тәртіп сақшылары жылап жатқан қызды алдымен жұбатып, полиция бөліміне жеткізіп, жағдайдың мән-жайын анықтады. Сөйтсе, ата-анасы оның үй тапсырмасын тексеріп, үй жұмысын дұрыс орындамағаны үшін ескерту жасаған. Кішкентай қыз жылап қалған. Сол кезде анасы оған далаға шығып, таза ауамен дем алуға кеңес берген. Ата-анасына ренжіген қыз Павлодар қаласына бір-ақ тартқан.
Ата-анасы оның үйден кетіп қалғанын полиция келген кезде ғана білген.
Ата-анасыен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Сондай-ақ жиналған материал кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберіледі. Мамандар қыздың ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарайды.
Айта кетері, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ол үшін 10 АЕК (34 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.