$ 495.2  522.34  4.94

Атырауда жетімдер үйінің директоры балаларды ұрып-соғып, қысым көрсеткен

Директор желіге тараған суреттегі балалардың көгерген беттерін баспалдақтан құлап жарақаттады деп ақталды.
Коллаж: stan.kz
Коллаж: stan.kz

Атырауда “Шаңырақ” балалар үйінің директоры тәрбиеленушілерді ұрып-соғып, қысым көрсетті деген күдікпен қызметінен босатылды, деп хабарлайды Stan.kz. 

Ақпан айының соңында құқық қорғаушы Дина Таңсәрі сенім телефонына Атыраудағы балалар үйінің тәрбиеленушісі хабарласқанын жариялаған еді. Қоғам белсендісі балалардың директордан қысым көретінін алға тартты. Ал тексеруге барған комиссия ешқандай олқылықтың жоқ екенін айтып, тіпті тәртіптік жағдайға байланысты директордың өзі тексеруге міндетті екенін айтып кетіп қалған.

Ал директор болса, мұның бұрын жұмыс істеген тәрбиешінің жаласы екенін айтады. Сөзінше, балаларға орталықта ешқандай қысым көрсетілмейді және бұл үшін арнайы топтар тексеріс жүргізеді екен. Директор желіге тараған суреттегі балалардың көгерген беттерін баспалдақтан құлап жарақаттады деп ақталды. 

Осы жағдайға байланысты Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі басқарма басшысының бұйрығымен "Шаңырақ" отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева тергеу барысында қызметінен босатылғанын жеткізді.

Тергеу аяқталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін ғана ол жұмысын жалғастыруы мүмкін.

Қазір полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары