Солтүстік көршінің ұлттық валютасы кеше күні бойы безгек тигендей қалшылдап, селкілдеумен болды. Мысалы, биржада таңертең 1 доллардың құны 75,02 рубльді құраған. Ал түсте Үкіметтің қолдауымен, яғни РФ мемкорпорацияларын валюталық табыстарының бір бөлігін биржада мәжбүрлеп сатқызып, рубльге айырбастатқызу нәтижесінде "сабан ақша" 74,99 межесіне дейін көтерілген. Алайда кешке қарай бәрібір 75,26 межесіне дейін сұлап түсті.
Әрине, бір күнде 0,36% құнын жоғалтқаны елеусіз көрінер. Бірақ қаржыгерлер РФ рублі тұрақтылығын жоя бастағанын айтуда. Себебі, соңғы 8 айда РФ валютасы 30,24%-ға девальвациялаған.
Нақтыласақ, Ресей орталық банкі былтыр шетел валютасына қатысты қатал шектеулер енгізіп, бизнесі валютаны шетелге шығара алмады, ал қарапайым халық оны еркін сатып ала алмай қалды. Бұған федерацияға келетін шетелдік импорт арнасының күрт сұйылуы қосылып, валютаға деген сұраныс жоққа теңелді.
Нәтижесінде 2022 жылғы 29 маусымда 1 доллардың құны 52,5 рубльге дейін арзандаған еді. Енді ол керісінше, 75,26 рубльге дейін шарықтап шыға келді. Яғни, созылмалы девальвация жүріп жатқаны байқалады.
Салыстыра кетсек, дәл осы кезде Қазақстанда ревальвация, яғни ұлттық валютаның өзгелерге қарағанда қымбаттауы үдерісі жүруде. Мысалы, аталған кезеңді алсақ, 2022 жылғы 29 маусымда елімізде 1 доллардың құны 468 теңгені құрады. Ал Ұлттық банк бекіткен валюталардың күн сайынғы ресми, нарықтық бағамдарына жүгінсек, 2023 жылғы 2 ақпанда 1 доллардың бағамы 442,11 теңге тұрады. Басқаша айтқанда, сегіз ай ішінде Қазақстанның ұлттық валютасының долларға шаққандағы құны қайта 5,86 пайызға жоғарылаған.
Осылайша, Қазақстанда доллар арзандап, ал Ресейде қымбаттап жатыр. Бұл процесс биылғы жыл басында күшейді. Өткен жылды рубль 73,7 бағамында аяқтаған болатын. Бүгінде 80-нің сеңгіріне таяп келеді. Тіпті жүз межесіне дейін шарықтауы мүмкін (егер бір рубль шамамен 6 теңге тұратынын ескерсек, бұл Қазақстанда 1 доллардың бағамы 600 теңгеге дейін шығандауына бара-бар болар еді).
Ресейде үлкен девальвация бола ма?
Қаржыгер, ресейлік "Алор Брокер" фирмасының инвестициялық стратегі Павел Веревкиннің айтуынша, бұған дейін РФ валютасына қолдау көрсетіп келген факторлар түгесілуге жақын. Мысалы, жыл басында экспорттаушылардың барлығы салық төледі, сондықтан бертінге дейін РФ валютасына сұраныс жоғары болды. Бүгінде салық төлеу науқаны аяқталды.
Рубльге қосымша сұраныс тудыру үшін РФ қаржы министрлігі мен Орталық банкі биылғы 11 қаңтарда валюталық нарыққа оралатындарын жариялады. Дегенмен, Мәскеуге доллар, еуро, фунт, иена, франк сияқты дамыған елдердің валютасын пайдалануына санкциялармен тыйым салынған. Сондықтан РФ Орталық банкі өз нарығына Қытай валютасын сатуға кірісті: Кремль елдің валюталық резервінің үлкен бөлігін юаньда сақтаған.
Содан қаржылық реттеуші 13 қаңтардан бастап, күн сайын нарықтан 3,2 млрд рубль сатып алып отырды. Әйткенмен, биржаға интервенциялар ақпанда аяқталды. Сабан ақша бұл қолдауынан да айырылып отыр.
"Сондықтан алда рубль бағамының жоғары құбылуына, құнсыздануына дайындалған жөн. Биылғы 5 ақпаннан бастап, ресейлік мұнай өнімдеріне еуропалық тыйым күшіне енді. Былтырғы жыл соңында өзге де санкциялар толыққанды жұмыс істей бастады. Таяуда Еуропалық Одақ санкциялардың оныншы пакетін жариялады, сонымен бірге бұрын енгізілген санкцияларды айналып өту жолдарын белсенді жабуға кірісті. Бұл өте тегеурінді тетіктер, олар рубльді девальвация құрдымына итермелейді. Белгілі бір алғышарттар тоқайласса, доллар бағамы 100 рубль межесінен де асып түсуі мүмкін. Айталық, экспорттық, бірінші кезекте мұнай және газ табыстары күрт азайса, жаһандық шикізат нарықтарында құлдыраулар жүрсе, онда әлгіндей қуатты девальвация болуы ықтимал", – деді Павел Веревкин.
Рубльге тірек болған факторлардың бірі энергиялық ресурстардың жаһандық нарықтардағы конъюнктурасы болатын. Солтүстік көрші ондаған жылдар бойы мұнайы мен газының арқасында валюталық дарияға шомылып, шалқып өмір сүрді. Бірақ ол да суала бастады.
РФ қаржы министрлігінің хабарлауынша, ресейлік басты экспорттық сорт Urals мұнайының бір бөшкесінің орташа құны 2023 жылғы қаңтар-ақпанда рекордтық 49,52 долларға дейін құлады. Салыстырсақ, 2022 жылғы қаңтар-ақпанда орыстың қара алтынының әр баррелі 88,89 доллардан сатылған. Бұл тенденция сақталуда. Алдағы айларға арналған фьючерс отыз межесіне дейін төмендепті.
Аналитик, Экспобанк инвестициялық стратегия және сараптама бөлімінің басшысы Полина Хвойницкая девальвацияны жоққа шығармады.
"2023 жылы Ресей рублі үшін сілкіністер болуы мүмкін. Рубльдің құнсыздануына ықпал ететін басты факторларға геосаяси тәуекелдер, мұнай котировкаларының төмендеуі, РФ экспорттық табыстарының құлдырауы және басқасы жатады. Менің болжамымша, доллар құны 82–85 рубльге жетеді. Ал доллар бағамы 100 рубльден асып түссе, онда бұл ресейлік экономика үшін қауіп-қатер туғызады. Мысалы, онсыз да айналма жолдармен тасылып, күрт қымбаттап кеткен импорттық тауарлар, жабдықтар мен материалдар Ресей үшін негізінен қолжетімсіз болып қалады", – деп ескертті П.Хвойницкая.
Промсвязьбанк бас аналитигі Денис Попов тағы бір факторға назар аудартты: бүгінде РФ үкіметі үшін басымдықты міндет – бюджетті толтыру және ірі корпорациялардың қаржылық балансының орнықтылығын қамтамасыз ету (оның үстіне сол корпорацияларды Путин өз достарына үлестіріп берген). Бюджеттің тапшылығы триллиондап артып барады. Федерацияның валюталық табыстары кемуде. Олардың шамалы болса да, орнын толтыру үшін девальвация жасалуы мүмкін. Сонда бюджетке доллар/рубль бағамынан туындаған айырмашылық түрінде қосымша жүздеген миллиард рубль құйылмақ.
"Рубль курсын жасанды ұстап тұра беру дұрыс емес. Өйткені валюта бағамы ел экономикасына ықпал ететін әртүрлі сыртқы факторларды теңгерімге түсіретін құрал болып табылады", – деді Д.Попов.
Бұл тетік көршіде толыққанды іске қосыла алмай тұр.
Өз кезегінде Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) деректеріне сілтеме жасаған Reuters Ресейдің мұнай мен газ экспортынан табатын табыстары 2023 жылғы қаңтарда бірден 40%-дайға құлдырағанын хабарлады. Бұған батыстық санкциялар мен бағаға қатысты шектеулер түрткі болған.
Халықаралық ұйымның дерегінше, РФ биылғы қаңтарда қара алтынды, көгілдір отынды сыртқа сатудан 18,5 млрд доллар ғана табыс алды.
ХЭА атқарушы директоры Фатих Бирольдің айтуынша, Батыстың ресейлік энергиялық шикізат экспортына қарсы бағытталған шаралары "өз мақсаттарына жетті": Мәскеудің табысы кеміді.
Бұған қоса, сенім артуға болмайтын серіктес екенін паш еткен РФ мұнай нарықтарындағы үстем жағдайын пайдаланып, жаһандық қара базардың басына да әңгіртаяқ орнататын. Экспортты біресе арттырып, біресе шектеп, бағаны ушықтыратын. Енді ол нарықтардан РФ аластатылуда. ХЭА жетекшісі мұнай нарықтары тұрақтана бастағанын мәлімдеді.
"Біз Мәскеудің мұнай-газдан табыстары таяу айларда бұдан да күрт төмендейді деп күтіп отырмыз. Орта мерзімді перспективада тіптен шыңырауға құлауы ықтимал, себебі, Ресей үшін технологиялар мен инвестициялар қолжетімсіз болып қалады", – деді Ф.Бироль Reuters агенттігіне сұхбатында.
Өткен аптада Еуроодақ Ресейге қарсы кезекті санкциялық топтамасын енгізді. Сонымен бірге АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Жаңа Зеландия, Канада да РФ-қа жаңа санкциялық соққы жасады. 10 наурыздан бастап, Америка Ресейден тасылып жатқан алюминий және содан жасалған өнімдерге 200% баж салығын енгізеді. Бұл РФ алюминийінің қатты қымбаттауына соқтырады, тиісінше америкалық сатып алушылар одан теріс айналмақ (оның орнын Қазақстан баса алар еді).
Олай болса, рубльге алапат девальвация төнгеніне назар аудартып, дабыл қаққан ресейлік қаржыгерлер босқа байбалам салып отырмаған сияқты ма? Сарапшылар қазақстандықтарға жинағын РФ рублінде сақтамауға кеңес береді.
Дереккөз: inbusiness.kz.