03.03.2023, 14:20

Астаналық қыз желі арқылы танысқан жігітіне 90 миллион теңге жіберген

Фото: pixabay.com
Алаяқтық жасаған күдікті анықталып, ұсталды.

Елорда тұрғыны әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітке 90 миллион теңгеден аса ақша берген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана сотының сайтына сілтеме жасап.

Астана тұрғыны әлеуметтік желіде ер адаммен танысқан. Хат алмасу кезінде ол оны өзінің сезіміне және банкротқа ұшыраған зауыт директоры екеніне, жақын туыстарының қайтыс болғанына, соның салдарынан ақшаға қатты зәру екеніне сендірген.

Жәбірленуші белгілі бір уақыт ішінде онлайн аударымдар арқылы әртүрлі сомаларды аударған. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 91,6 миллион теңге.

Алаяқтық жасаған күдікті анықталып, ұсталды. Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Апелляциялық шағымда сотталушы тағайындалған жазаны жеңілдетуді, асырауында кәмелетке толмаған бес баласының, жұмыс істемейтін жұбайының болуын, сондай-ақ денсаулық жағдайын ескеруді сұраған.

Алайда сот үкімі өзгеріссіз қалдырылып, ер адамға Қылмыстық кодекстің 52-бабына сәйкес үкім шығарылды.