Қазақстанның тоғыз өңірінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлады "ҚазАвтоЖол". "3 наурыз сағат 19:00 ақпаратқа сәйкес еліміздің 9 өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың 18 учаскесінде жол қозғалысына уақытша шектеу енгізілді", - делінген компанияның хабарламасында.
Атап айтқанда, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Павлодар өңірлерінде республикалық тасжолдар жабылды.
Қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына 400 бірлік арнайы техника мен 500 адам жұмылдырылды.
Жабық учаскелердің жалпы ұзындығы 1236 шақырымды құрайды. Бұл республикалық жолдар желісінің шамамен 5%-ы.
Компания күн райы жақсарғанша алыс сапарға, жабық тасжол учаскелеріне шықпауға шақырды. Оқыс жағдай болғанда 1403 қысқа нөміріне қоңырау шалу керек.