$ 498.51  522.84  4.81

ОҚО-да жанармай бекеттері жаппай жабылуы мүмкін

Оңтүстік Қазақстан облысында биылдың өзінде жүздеген шағын жанармай құю бекеті жабылып қалуы әбден мүмкін. Бұл туралы Хабар-24 телеарнасы мәлімдеп отыр.

«Оған негізгі себеп – мұнай өнімдеріне бақылаудың алынып тасталуы», - дейді облыстың Жанар-жағармай қауымдастығындағылар. Өйткені шағын кәсіп иелері бензинді зауыттан тікелей сатып ала алмайды. Сондықтан арадағы алпауыт кәсіпорындардан мұнай өнімдерін қымбат бағада алуына тура келеді. «Оның өзі кейде жеткіліксіз», - дейді жанармай станцияларының иелері. Шалғай ауылдардағы бекеттер қазірдің өзінде қиындыққа тап болып жатыр. Қазір облыста 560 жанармай құю бекеті бар. Оның 400-ден астамы шағын орталықтар. Соңғы жылдары бәсекеге төтеп бере алмаған 60 бекет жұмысын тоқтатқан. Өзгелері де осыған тап болмау үшін Жанар-жағармай қауымдастығындағылар «өңірге жіберіліп жатқан өнім көлемі ұдайы бақылауға алынса», - дейді.

Қайыпбек Қамбаров, облыстық Жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы:

- Егер осы күйінде қалатын болса бұның соңы, тағы да қайталаймын, шағын және орта бизнестің өспеуіне, нарықтан шығып кетуіне, жұмыс орындарының жабылуына әкеліп соғады.

Майя Исаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Шын мәнінде бұл мұнай өнімдерін сатумен айналысатын көптеген кәсіпкерлердің жанайқайына айналып отыр. Сондықтан біз олардың ұсынысын «Атамекен» ҰКП жіберуді ұйғардық. Ондағылар өз кезегінде мұның дұрыс шешімін табу үшін мәселені Энергетика министрлігі мен Үкіметтің алдына қояды деген ойдамыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары