$ 498.51  522.84  4.81

Көкшетауда 7 баланың анасы далада қалуы мүмкін

7 баланың анасы, "Алтын алқа" иесі көкшетаулық Людмила Жанженова далада қалуы әбден мүмкін. Отбасындағы ең кішкентай баланың жасы 8-де болса, ең үлкені 14-те.

Людмиланың айтуынша, оны күйеуі жуырда тастап кеткен. Ол енді сотқа арызданып, алимент өндіріп алмақшы. Алайда, күйеуінің табысы аз болғандықтан, алимент те түкке жетпейді дейді ол.

Қазір батыр ананың денсаулығы сыр берген, жұмысқа жарамсыз. Балалары да әлі тым кішкентай.

"Кішкентайым екінші сыныпта оқиды, онымен бірге отырып сабағын қадағалауым керек. Күн сайын түскі тамақтарын әзірлеп отыратын адам тағы қажет. Әр қайсымен сөйлесіп, бақылап отырмасам болмайды, тәрбиелеуім керек", - дейді Людмила.

Жанженовтар отбасының өз үйлері жоқ. Көпбалалы ана ретінде ол 2001 жылы баспана кезегіне тұрған екен. Алайда, ТКШ бөлімі көшіп жүріп, батыр ананың құжаттарын жоғалтып алыпты.

"Құжаттарымның жоғалғанын қазір дәлелдеу мүмкін емес, бәлкім менің орныма біреу баспаналы да боп қойған шығар. Өйткені, қолымызға ешқандай қағаз берген жоқ, реттің номерден басқа. Мен одан кейін қайта кезекке тұрдым, міне содан бері күтіп келе жатқаныма 10 жылдан асты. Сол уақыттан бері балалар өсті, отбасымызбен әліге дейін қаңғып жүрміз", - дейді көп балалы ана.

Қазір Людмила мен жеті бала жалдамалы шағын үйде тұрып жатыр. Ай сайын жал ақысын уақытылы төлеп келсе де пәтер иелері Жаңа жылдан бастап ақыны ертерек тапсыруды бұйырыпты. Болмаса шығарып жібереміз деп қорқытқан.

Жанженовтар ақпан айынан бастап далада қалуы мүмкін. Өйткені ақшалары таусылған. Оның үстіне үй иелері баспананы сатқалы жатыр.

"Қазіргі таңда үйде көмір де таусылды. Бәріміз бір бөлмеде электр пешіне жылынып отырмыз", - дейді Людмила.

Дереккөз: informburo.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары