Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мерекеде кәмелет жасына толмаған бүлдіршіндердің құқықтарының қорғалуына, атап айтқанда олардың өмірлеріне, денсаулықтарына ешқандай қауіп төнбей өз елінде білім алып, емін-еркін бақытты ғұмыр кешуіне жасалған жағдайларға ерекше маңыз беріледі.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіпсіздігі мәселесіне және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарау қажеттігін баса айтты.
«Тағы бір назар аударатын мәселе - жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», - деп атап өтті Тоқаев.
Бүлдіршіндердің балалық шағын қорғау бойынша елдер арасындағы рейтингте 180 мемлекеттің ішінде Қазақстан 50-орында тұр. Аталмыш рейтингті қанағат тұтып, бір орында тұрып қалмау үшін балаларды қорғау жұмыстары жан-жақты жүріп жатыр. Қазіргі таңда елімізде балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, жасөспірімдер арасында суицидті болдырмау және олардың құқықтарын қорғап, әл-ауқатын арттыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспары әзірленуде. Жоспар бойынша кәмелетке толмағандарды қосымша біліммен 100% қамту шараларын қабылдау, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ету үшін жаңа үлгідегі қосымша білім беру ұйымдарын ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ «Балалар кодексі» кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты заңнама нормалары мен нормативтік құқықтық актілерге түсініктемелер кешенін даярлау да осы жоспар бойынша жүзеге асырылады.
1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай жыл сайын ел бойынша балаларға арналған көптеген шаралар өтеді. Мәселен, бір ғана Астана қаласының өзінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған 50-ден астам іс-шара жоспарлы түрде өтіп жатыр.
Биыл мемлекетіміз балалардың төл мерекесін ерекше есте қалатындай етіп атап өтуге тырысты. Мысалы, бұрын-соңды болмаған «Ақорда» резиденциясына экскурсия ұйымдастырылды. Жетпіске тарта оқушыға оның ішінде оқу үздіктері мен олимпиада жүлдегерлеріне Астананың қақ төріндегі «Ақорданы» аралау бақыты бұйырды. Мұндай сәттерді әр бала жадында мәңгі сақтап қалады.
Мемлекет басшысы да өз кезегінде балаларды мерейлі мерекесімен құттықтап, шынайы лебізін білдірді. «Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Бала – бауыр етіміз. Олар – еліміздің ертеңі. Мемлекет өскелең ұрпақтың білімді әрі жан-жақты болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды. Балаларымыздың болашағы баянды болсын», – деп жазды ол Twitter аккаунтында.
Осы жылы премьер-министр Әлихан Смайылов әр баланың асыға күтетін мерекесінде балалар үйіне барып, ондағы тәрбиеленушілермен кездесті. Жай кездесіп қана қоймай ондағы бүлдіршіндермен әңгіме-дүкен құрып, балалар үйіндегі жай-күйлерінен хабар алды. Оларды мерекелерімен құттықтай отырып, кәсіби асырап алушы отбасылар институтын енгізу бойынша заңнамалық нормалар қабылданатын айтып бір қуантты.
«Бұл – біз үшін ерекше мереке, өйткені балалар – біздің болашағымыз! Балалардың дені сау, ақылды және табысты болып ер жетіп, сапалы білім алғанын қалаймыз. Ал мемлекет бұл үшін барлық қажетті жағдайды жасауды жалғастырмақ», — деді премьер-министр.
Осылайша мемлекетіміз балалар мен олардың болашағына ерекше алаңдап, әрқашан нысанада ұстайтындарын сөзімен де, ісімен де тағы бір дәлелдеп өтті.