$ 498.51  522.84  4.81

Қарағандыда қар құрсауында қалған ауыл тұрғындары қайтыс болғандарды жерлей алмай отыр

Қарағанды облысында қар құрсауында қалған тұтас бір ауыл тұрғындары тіпті қайтыс болған адамды әзер жерлеген деп жазады 31.kz. Қарқаралы ауданындағы Жаңа жол ауылының жұрты бір айдан бері қалың қардан шыға алмай отыр. Көмек сұраған жұрт дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің таусылғанын айтады. Ал жергілікті билік қарды арши алмай әлек болып жатыр.

Жаңажолдықтардың ауылдарынан шықпағанына үш аптадан асыпты. Ұйытқып соққан бораннан аудан орталығына апарар жалғыз жол жабылып қалған. Тұрғындар «бір айдан бері биліктегілерден көмек болмаған соң, қалың қарды өзіміз тазалауға көштік», - дейді.

Байланыссыз отырған елдімекен халқы «үйдегі азық-түлік те таусылған» дейді. Ол аздай, сөздерінше, омбы қардың астында қалған ауыл тұрғындары қайтыс болған адамды 12 шақырым жердегі зиратқа әрең жеткізген.

Ал әкім-қаралар ауылды қардан тазалауға ауыр техниканың қауқары жетпей жатқанын айтады. Бір айдың ішінде мөлшерден тыс жауған ақ ұлпа қармен онға жуық арнайы көлік арпалысқанымен, нәтиже болмапты. «Ал қалың қардан қайтыс болған адамды өткізе алмаған тұрғындарға қол ұшын создық», - дейді.

МЕЙІРЛАН СӘДУАҚАСОВ, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары:
- 23 күні арнайы погрузчик техникасын жіберіп, көмек жасадық. Дәл сол күні боран қатты болды. Бірақ соған қарамастан техниканы жұмылдырып, мәйітті бейіт басына дейін жеткізуге көмек жасадық.

Дегенмен шенеунік 22 шақырым жолды қардан бүгіннен қалдырмай аршимыз деп уәде берді. Тіпті, 650 мың теңгенің жұмысын мойнына алған мердігерлер міндеттеріне әлден кірісіпті. Айта кету керек, 30 оқушысы бар Жаңа жол ауылының мектебі былтырғы жылы жабылған. Сондықтан балалар 12 шақырым жердегі елдімекенде жақындарының үйінде жатып оқиды екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары